Президент баспасөз қызметінің жетекшісі #Абай175 челленджіне қатысты

0
975

Абай өлеңдерін оқу эстафетасын ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға, вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова ханымға және айтыскер ақын Ринат Зайытовқа, сондай-ақ, барша әріптестеріме жолдаймын!


Президент баспасөз қызметінің жетекшісі #Абай175 челленджіне қатысты

ERNUR.KZ. Президент баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли #Абай175 челленджіне қатысты, деп жазады tengrinews.kz.

"Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай оның өлеңдерін оқу эстафетасына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен мән беріп, осы бастаманы жалпыхалықтық деңгейге көтерді. Өзі де Абай Құнанбайұлының өлеңінен үзінді оқыды, оны жақсы білесіздер. Осы эстафетаны Президенттің кеңесшісі Ерлан Қариннен, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов мырзадан және павлодарлық достар Нұржан мен Русланнан, сондай-ақ, сыныптасым Айраттан қабыл алдым", - деп жазды Берік Уәли.

"Абай күллі қазақтың темірқазығы, алты Алаштың рухани азығы! Сондықтан, ешбір қазақ баласы осы эстафетадан тыс қалмайды деп ойлаймын. Абай өлеңдерін оқу эстафетасын ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға, вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова ханымға және айтыскер ақын Ринат Зайытовқа, сондай-ақ, барша әріптестеріме жолдаймын. Қазақты руxы әрқашан биік болсын!", - деп толықтырды ол.

Сонымен қатар, КИМЕП университетінің вице президенті Тимоти Барнетт Абай өлеңдерін оқу эстафетасына қатысып, ұлы ақынның "Көзімнің қарасы" өлеңінің ағылшын тіліндегі нұсқасын оқыды. Ол эстафетаны М:Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты басшысының орынбасары Ертай Сұлтаннан қабыл алған.

Айта кетейік, Абайдың өлеңдерін оқу эстафетасын 9 жастағы оқушы Ләйлім Шырақ бастап, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын. Президент ұлы ақынның "Ғылым таппай мақтанба" өлеңін оқып, эстафетаны білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.

Кейін эстафетаны қабыл алған үшеуі де Абайдың туындысын оқып, челленджді әрі қарай жалғастырған. Бүгінге дейін эстафетаны қабыл алған еліміздің шоу-бизнес жұлдыздары мен шенеуніктері ұлы ақынның туындыларынан үзінді оқыды. Ресейлік композитор Игорь Крутой да Димаш Құдайберген жолдаған эстафетаны қабылдап, Абайдың бір өлеңін оқыған еді.