Президент Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады

0
547

Мемлекет басшысы Қорғаныс министріне бірқатар тапсырма берді.


Президент Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент – Жоғарғы Бас Қолбасшыға ведомствоның биылғы жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмысының қорытындысы, әскердің жауынгерлік дайындығы мен тәртібі, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.

Кездесу барысында коронавирус індетіне қарсы күрес жағдайына ерекше көңіл бөлінді. Нұрлан Ермекбаев әскери медицинаның ПТР-зертханалармен қамтылуы жайында айтты. Министрдің сөзінше, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі зертхана іске қосылған, ал Ақтау мен Семейде мобильді кешен жұмыс істеп тұр. Офицерлер мен сарбаздарға вакцина салу жалғасуда. Бүгінде Қарулы Күштер құрамының 20 пайызына екпе егілген.

Министр Мемлекет басшысына «Алтын жебе» арнайы операциясы және «Қалқан-2021» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері, сондай-ақ, екінші жартыжылдыққа жоспарланған «Отпантау» стратегиялық оқу-жаттығуға дайындық жөнінде есеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастық бағыттары, Қарулы Күштерді әскери техникамен жабдықтау, Қарулы Күштердің тұжырымдамасын дамыту жұмыстары туралы айтылды. Сонымен қатар Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеуге дайындық барысы, 2022 жылы Қазақстан әскерінің құрылғанына 30 жылдығын атап өтуді ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.

Кездесу соңында Жоғарғы Бас Қолбасшы Қорғаныс министріне еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.