Мемлекет басшысы Елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтінін жеткізді.
Елордада өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтып, болашақта қандай жұмыстарды қолға алатынын айтып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
«Ең алдымен маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын. Бұл сайлау шын мәнінде демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында наңыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды», - деді Президент.
Мемлекет басшысы саяси бәсекеде халықтың даналығы, парасаты жеңгенін, сондықтан бұл жеңісті - халықтың жеңісі деп атады.
«Біз бір ел болып, халық болып, Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі біз үшін өте маңызды. Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі - біздің ең басты құндылығымыз», - деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде Елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істейтінін жеткізді.
«Сайлау кампаниясы кезінде мен еліміздің біршама өңірлерін араладым. Менің саяси платформам - біздің азаматтардың басты талаптарына жауап болады. Ең алдымен, мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағытында, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мен біздің мемлекеттің басқа да стратегиялық маңызды жұмыстарымен айналысамын. Басқа айтқанда, мен Елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа амалдар мен шешімдер керектігіне де тоқталып өтті.
«Олардың барлығы жақында жарияланады. Екіншіден, өткір әлеуметтік мәселелермен, барынша мұқтаж жандарға көмектесу ісімен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке бұл салада үздік нәтижеге жету амалдары тапсырылды. Бізге әлеуметтік саясатты салмақты түрде жаңарту керек. Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау білдіремін. Инвестиция тарту мен оларды қорғау, іскерлік белсенділікті жігерлендіру, орта класты қалыптастыру көзделеді. Төртіншіден, менің мақсатым - қоғамның бірлігін қамтып, әрбір азаматтың құығын қорғау. Ең бастысы - әрдайым қайда болмасын Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын», - деді Президент.