Президент өкілеттіктерін қысқарту: Заңнамаға қандай түзетулер енгізіледі

0
565

«Президенттің өкілеттіктері туралы» бірінші бағыт бойынша 3 іс-шараны іске асыру көзделген.


Президент өкілеттіктерін қысқарту: Заңнамаға қандай түзетулер енгізіледі

ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Президент өкілеттіктерін шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында заңнамаға қандай түзетулер енгізілетінін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы енгізіліп отыр. Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы 10 бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды. Олар елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шараларды қабылдауға бағытталған», - деді ол бүгін Үкімет отырысында.

Оның атап өтуінше, «Президенттің өкілеттіктері туралы» бірінші бағыт бойынша 3 іс-шараны іске асыру көзделген.

«Президент өкілеттіктерін шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында заңнамаға мынадай түзетулер енгізіледі. Олар:

- Президенттің өз өкілеттіктерін атқаруы кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтатуын;

- Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшылары лауазымдарын атқаруына тыйым салуды;

- Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастауды;

- аудан, облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құқығын жоюды көздейтін болады», - деді министр.

Сонымен қатар Әлібек Қуантыровтың айтуынша, партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігуіне жол бермеу үшін заңнамаға Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитетінің, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелерінің партиядан міндетті түрде шығуы туралы ережелер енгізіледі. Әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады.