Үкімет пен әкімдік бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек.
Жамбыл жеріндегі Айша Бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар - халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.
"Облыста туризм индустриясын дамыту. Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орны туризм саласымен байланысты. Бұл бағытқа ерекше көңіл бөлу керек. Өңірде туристерді қызықтыратын тарихи орындар жеткілікті.Бес нысанға ЮНЕСКО тарапынан халықаралық мәртебе берілген (ежелгі қалашықтар: Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас). Жамбыл жеріндегі Айша Бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. Үкімет туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауда. Оған ең маңызды 10 туристік нысан кіреді. Оның екеуі Алматы өңірінің тау кластері. Ал Түркістанның тарихи-мәдени туристік орталығы Жамбыл облысымен шекаралас орналасқан. Өңірдің тарихи-мәдени маңызын ескере отырып, Жамбыл облысының әкіміне, үш облыс аумағымен өтетін «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық маршрутының (Алматы, Түркістан, Жамбыл) туристік инфрақұрылымын дамытуды тапсырамын. Аймақтың туристік қуатын арттырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Үкімет пен әкімдік бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек.»-деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.