Прокуратура Jusan тобын бақылауды Қазақстанға қайтаруды көздеп отыр

0
716

Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады.


Прокуратура Jusan тобын бақылауды Қазақстанға қайтаруды көздеп отыр

ERNUR.KZ. Алматы қаласының Бостандық аудандық соты "Pioneer Capital Invest" ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы "First Heartland Jusan Bank" АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың ("Jusan" тобы) активтерін шетелдік юрисдикцияға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап-арызы бойынша азаматтық іс қозғады, деп жазады sputnik.kz.

Былтыр маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізді.
Талдау барысында "Jusan" тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталған. Бұл схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген.
Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі "Pioneer Capital Invest" ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған.
"Бұл әрекеттер қоғамдық мүддеге, оның ішінде "Назарбаев университеті" мен "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" ондаған мың қазақстандық студенті мен оқушыларының мүддесіне қауіп төндірді. Себебі "Jusan" тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі", - дейді бас прокуратура.
Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда бас прокуратураға "Назарбаев қорынан" арыз түсті. Қор бірқатар субъектінің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан "Jusan" тобы шетелдік азаматтардың бақылауына өтіп кеткеніне шағымданып, прокурорлық қадағалау шараларын қабылдауды сұраған.
"Осылайша прокуратура органдарының мақсаты – тек әділеттілікті қалпына келтіріп, "Jusan" тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару", - деп нақтылады бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Аталған талап-арыз Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банк клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды.
Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады, деп сендірді бас прокуратура.