Пышақпен шабуылдаған адамнан сақтады: Алматыда ит иесін қорғаймын деп өлді

0
1 179

Белгісіз азамат иттің иесінен темекі сұраған. Темекі бере алмайтынын айтқаннан кейін ер адам оған шабуылдаған.


Пышақпен шабуылдаған адамнан сақтады: Алматыда ит иесін қорғаймын деп өлді

ERNUR.KZ. Алматыда белгісіз ер адам көшеде итімен жүрген тұрғынға темекі бермегені үшін пышақпен шабуыл жасады. Нәтижесінде иесін денесімен жапқан ит пышақ жарақатынан өлген, деп жазады stan.kz.

Оқиға туралы Әлия есімді желі қолданушысы Facebook парақшасында жазба қалдырған. Айтуынша, белгісіз азамат иттің иесі Денистен темекі сұраған. Денис темекі бере алмайтынын айтқаннан кейін ер адам оған шабуылдаған.

“Ер адам Денисті балағаттап, оны өлтіремін деп қорқытты. Денис мән бермей, үйге қарай бет алды. Алайда кіре берісте әлгі адам оны қуып жетіп, пышағын шығарып, оны өлтірмек болды. Ит шабуылды бірден сезіп иесін қорғап, денесімен қалқалады. Салдарынан пышақ итке кірді. Ит 8 жаста болған және үш баласы бар отбасы асырап алып, өсірген. Ол ешкімге зияны жоқ, мейірімді жануар еді. Ал қаскөй оқиға орнынан қашып кеткен. Ит сараптама үшін емханаға жіберілді.

Елімізде, қаламызда не болып жатыр? Осындай беймаза қатыгез адамдар арамыз жүргенде қала тұрғындарына қауіп төніп тұр. Қылмыскерді тауып жазалауды сұраймыз”, – деді желі қолданушысы.

Оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Полицияның айтуынша, күдікті жануар иесінің итін қарсы жіберіп, тұмылдырығын шешіп жібергенін айтқан.

“Күдікті 36 жастағы Б.есімді азамат ұсталды. Өз кезегінде, ол иттің иесі екеуінің арасында туындаған ауызша жанжалдың нәтижесінде иттің иесі жануардың тұмылдырығын алып, өзіне қарсы жібергенін айтты. Күдікті өзін қорғауға мәжбүр болғанын түсіндірді. Аталған дерекке байланысты Алмалы аудандық полиция басқармасы 316-баптың 2-бөлігімен (жануарларға қатыгездікпен қарау) қылмыстық құқық бұзушылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның объективті мән-жайлары қосымша тергеу барысында анықталатын болады”, – деді ведомство.