QazVac-тың тиімділігі дәлелденді - Қасым-Жомарт Тоқаев

0
525

QazVac вакцинасы сын тезінен лайықты өтті.


QazVac-тың тиімділігі дәлелденді - Қасым-Жомарт Тоқаев

ERNUR.KZ. Бұл туралы Душанбедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп жазады inform.kz.

«Коронавируспен күрес біздің күнтәртібіміздегі өзекті тақырыптардың бірі болып қалып отыр. Пандемияның ең қиын кезеңінде ШЫҰ бойынша әріптестер шындығында ынтымақтастықтың «Шанхай рухын» танытқанын зор қуанышпен атап өтемін. Осы ретте өзара гуманитарлық көмек көрсетілді. Пандемияға қарсы іс-қимылда батыл бетбұрыс халықты жаппай иммундауға үйлестірілген қадам жағдайында ғана мүмкін болады», - деп тоқталды Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы көмекке мұқтаж тараптарды елеусіз қалдыруға болмайтынын қадап айтты. Бұл тұрғыда Қазақстанның салмақты ұсыныстары бар.

«QazVac вакцинамыз сын тезінен лайықты өтті. Клиникалық сынақтар оның тиімділігін дәлелдеді. Біз препаратты гуманитарлық көмек ретінде көршілес елдерге жеткізе бастадық», - деді Қ. Тоқаев.

Осы орайда Президент қазақстандық тағы екі ғылыми әзірлемелер, яғни NARUVAX C-19 пен NARUVAX C-19 NANO коронавирусқа қарсы кандидат вакцина ретінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне енгізілгенін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ШЫҰ елдерінде вакциналау паспорттарын өзара тану рәсімдерінің жылдамдатылуы мемлекеттер тап болған қиындықтар мен қатерлерді еңсеруге ықпал ететініне сенімді екенін атап өтті.