Радиоқондырғылардан қорқатын қазақстандықтар байланыс сапасының жақсаруына кедергі келтіреді – Бағдат Мусин

0
400

​Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин байланыс сапасын жақсарту үшін базалық станцияларды орнату жұмыстары сәтсіз жүргізіліп жатқанын айтты.


Радиоқондырғылардан қорқатын қазақстандықтар байланыс сапасының жақсаруына кедергі келтіреді – Бағдат Мусин

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде бірінші тоқсанда 37 осындай станция орнатылса, оның 35-і қайта бұзылған, деп жазады Stan.kz

Министрдің айтуынша, тұрғын үйлердің бір-екі тұрғынының арыз-шағымына байланысты мамандар шатырларда орнатылған станцияларды алып тастауға мәжбүр болған.

"Біз 99 тұрғынның сөзін тыңдап, байланыс сапасын қамтамасыз етуіміз керек пе, әлде радиофобиясы бар бір тұрғынның сөзіне құлақ асуымыз қажет пе? Ол мұның барлығы денсаулығына әсер етеді деп ойлайды. Егер оның отбасында рак ауруына шалдыққан болса, онда оның пайымынша мұның барлығы соның салдарынан (базалық станцияның шатырдағы қондырғылары – ред.). Ал біз үнемі оларды ойыншықтар секілді бір жерден алып, екінші жерге орнатуға мәжбүрміз. Әлбетте жұмысымыз осылайша өнбейді", - деді Мусин депутаттар мен байланыс операторлары өкілдеріне арналған ашық есік күні барысында өткен кездесуде.

Осы себепті министр бұл мәселені заңнамалық деңгейде қарастыру үшін депутаттарға жүгінді. Оның пікірінше, базалық станцияны бұзу туралы шешім көпшілік дауыспен қабылданып, дауыс беруді ұйымдастыруды меншік иелері бірлестігіне тапсыру керек.

Ол алдағы уақытта көліктер жүргізушілердің көмегінсіз жүруі үшін әрбір 500 метр сайын базалық стансаларды орнату қажет болатынын атап өтті.

"Базалық станцияларды орнатпас бұрын байланыс операторлары процедураның санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкестігіне рұқсат алады. Осыдан кейін ғана базалық станцияларды орнатуға рұқсат беріледі", – деп қосты министрліктің телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Зүлфия Құдайбергенова.

Құдайбергенова өз кезегінде Қазақстандағы коммуникациялық желілер жаһандық үрдістерге сай дамып келе жатқанын атап өтті.