Рақымшылық жасалмайды: педофилдердің жазасы қатаңдатылды

0
933

Жаңа түзетулер бұған дейін сотталған педофилдерге қатысты болмайды.


Рақымшылық жасалмайды: педофилдердің жазасы қатаңдатылды

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары педофилдердің жазасын қатаңдатуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмайды және түрмеден мерзімінен бұрын босатылмайды. Сондай-ақ, олар жазасын қатаң режимдегі мекемеде ғана өтейді, деп жазады sputnik.kz.

Заң жобасы президенттің 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыруға бағытталған.

Мәжіліс комитетінің қорытындысында кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипатта қылмыс жасағандардың жазасы қатаңдатылғаны айтылған. Атап айтқанда, енді педофилдер тек қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде ғана жазасын өтейді.

Сонымен қатар, оларға рақымшылық жасалмайды және жазасын өтеу орнынан мерзімінен бұрын босатылмайды.

Заң жобасын талқылау барысында ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев жаңа түзетулер бұған дейін сотталған педофилдерге қатысты болмайтынын атап өтті.

"Қазіргі күні сотталып, мерзімі реттелген адамдар бұрынғы мекемелерде өздерінің жазасын өтей береді. Яғни, бұған дейін сотпен тағайындалған жаза сол күйі қалады. Бұл норма жаңа заң күшіне енгеннен кейін қылмыстық жауапқа тартылғандарға қолданылады. Сол кезде олар қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде жазасын өтейді", - деп түсіндірді ол.

Қожаевтың айтуынша, қазір кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмысы үшін түрмеде 1870-тен астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың дені – 1300-ге жуығы қатаң режимдегі мекемеде отыр. Бір бөлігі әлі тергеуде. Ал бұған дейін жазасы жеңілдетілгендер басқа режимдегі мекемелерде.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.