Жаңа заң 18 бен 27 жас аралығындағы ер адамдарға қатысты болмақ.
ERNUR.KZ. Ресей парламентінің төменгі палатасы әскерге шақырылғандарды шетелге шығу төлқұжатын полицияның көші-қон департаментіне тапсыруға міндеттейтін заңды үшінші оқылымда қабылдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
BBC хабарлауынша, ресми түрде жаңа норма «Ресей Федерациясынан кету және Ресей Федерациясына кіру тәртібі туралы» заңға енгізілген түзету болмақ.
Әскерге шақырылушыға төлқұжатын тапсыру үшін тиісті комиссия шақыру бойынша шешім қабылдаған күннен бастап бес күн мерзім беріледі. Тапсырылмаған жағдайда, құжаттың күші жойылады.
Заң 18 бен 27 жас аралығындағы запаста жоқ ер адамдарға қатысты болмақ.
Заңға түзету ресми жарияланған соң 180 күн өткеннен кейін күшіне енеді, сондықтан құқық қорғаушылар жаңа ережелер 2023 жылдың күзгі шақырылымына әсер етпеуі мүмкін дейді.