Мамыр мерекесі кезінде Ресейдің бірқатар өңірінде күн бұзылып, тіпті Мәскеуде мол қар жауған болатын.
ERNUR.KZ. Ресейдегі үсік Қазақстанның азық-түлік нарығына әсер етеді. Мұндай пікірді сарапшы Кирилл Павлов білдірді, жазады inform.kz.
Мамыр мерекесі кезінде Ресейдің бірқатар өңірінде күн бұзылып, тіпті Мәскеуде мол қар жауған болатын. Осы орайда сарапшы Кирилл Павлов үсік жеміс бақтарына теріс әсер еткендігін айтады. Соның салдарынан Ресейдің азық-түлік нарығында бірқатар өнімге сұраныс артуы ықтимал.
«Ресейдің бірқатар өңірінде құлпынай мен жеміс бақтары үсіп қалды. Бүгін Тамбов облысында астық дақылдарын да үсік шалды. Қалай десек те, мұндай табиғи өзгеріс азық-түлік нарығына әсерін тигізеді. Сондықтан сұраныс болады», - деді ол.
Сарапшының атап өтуінше, соңғы уақытта Ресей ішкі өндіріске басымдық беріп отыр. Ал ендігі уақытта нарықтағы белгілі бір сәтсіздікке байланысты қажетті өнімді импорттау арқылы орнын толтыруға тырысады. Ол бағаға да әсер ететіндігі анық.
«Бұл жайт Қазақстанға да тікелей әсер етуі мүмкін. Егер Мәскеу біздің өнімді жақсы бағаға сатып алатын болса, онда барлығы да азық-түлікті сол жаққа апаруға тырысады. Ал егер Қазақстан экспортқа тыйым салса, онда фермерлер шығынға батады», - деді Кирилл Павлов.