Ресейдің ішкі істер министрлігінің статистикасына сәйкес, бүгінде Ресейде миллионға жуық заңсыз мигрант бар.
ERNUR.KZ. Ресейдің ішкі істер министрлігі ТМД мемлекеттерінен Ресейде заңсыз жүрген азаматтарының 15 маусымға дейін елден кетуін талап етті. Олардың 49 мыңы Қазақстан азаматтары, деп жазады Stan.kz.
Бұл туралы Достастықтың парламентаралық ассамблеясының отырысында ведомство басшысының орынбасары Александр Горовой мәлімдеді.
Министрдің орынбасары көрсеткен Ресейдің ішкі істер министрлігінің статистикасына сәйкес, бүгінде Ресейде миллионға жуық заңсыз мигранттар бар: 332 мыңнан астамы Өзбекстаннан, 247 мыңы Тәжікстаннан, 152 мыңы Украинадан, 120 мыңы Әзірбайжаннан, 115 мыңы Қырғызстаннан, 61 мыңы Армениядан, 56 мыңы Молдовадан, 49 мыңы Қазақстаннан барған.
«Егер сіз бен біз бұларды 15 маусымға дейін алып тастамасақ, бұл адамдарды шекарадан шығарып, шекараны жауып тастауға тура келеді. Мен сіздердің осы мәселеде бұқаралық ақпарат құралдарымен, блогерлермен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгендеріңізді қалаймын», - деді Горовой.
Желтоқсан айының ортасында Владимир Путин өзінің жарлығымен коронавирусқа байланысты мигранттардың Ресейдегі уақытша тұруын 2021 жылдың 15 маусымына дейін ұзартты.