Оңалту орталықтары оңалту кезеңінде тәулік бойы мүгедектігі бар азаматтарды қабылдайтын болады.
ҚР Премьер-Министрі орынбасарының міндетін атқарушы А. Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтарының құрылыс барысы талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша 2022 жылы 130 мың адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді, оның ішінде 10 мыңнан астам мүгедектігі бар адамға еліміздің 32 мемлекеттік оңалту орталығында қызмет көрсетілген. Алайда республикада мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 711 мыңнан асатынын ескерсек, жаңа оңалту орталықтарын құру өзекті мәселе болып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін еліміздің 12 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Абай, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы, Астана, Шымкент қалалары) әрқайсысы 150 орындық мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа ірі оңалту орталықтарын салу жоспарланған.
Оңалту орталықтары оңалту кезеңінде тәулік бойы мүгедектігі бар азаматтарды қабылдайтын болады. Жыл сайын жаңа заманауи орталықтарда өз денсаулығын 1 500–1 800 мүгедектігі бар адам жақсарта алады деп күтілуде.
«Оңалту орталықтарының құрылысы өңірлердің, оның ішінде шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарының сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтер алуына жағдай жасайды. Мүгедектігі бар мыңдаған адам денсаулығын нығайтып, жағдайын жақсарта алады. Сондықтан бұл жобаларды іске асыру жергілікті және орталық органдар өкілдерінің ерекше бақылауында болуы тиіс», — деді Алтай Көлгінов.
Ең алғашқы оңалту орталығы осы жылдың басында Абай облысы Семей қаласында салынып, пайдалануға берілді. Жақын арада әлеуметтік мекемені күтіп-ұстауға бюджеттік өтінім жергілікті мәслихаттың қарауына жіберілетін болады. Кентау, Тараз және Ақтөбе қалаларында тағы үш оңалту орталығын биыл, Батыс Қазақстан облысында келесі жылы, ал Ақмола және Атырау қалаларында 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Еліміздің бес өңірінде – Павлодар, Жетісу облыстарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында құрылыс әлі басталған жоқ. Осыған байланысты А. Көлгінов өңір басшыларына қысқа мерзімде дайындық жұмыстарының барлығын аяқтауды және мүгедектігі бар адамдар үшін оңалту орталықтарын салуға бюджеттік өтінімдер беруді тапсырды. ҚР Қаржы министрлігіне ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, осы қажеттіліктерге бюджет қаражатын бөлуді қамтамасыз ету тапсырылды.