Риддер жылу электр орталығын жаңа инвестор сатып алды

0
830

​Облыс әкімі жаңа меншік иесінің кім екенін айтпады, тек "қазақ инвесторы" екенін мәлімдеді.


Риддер жылу электр орталығын жаңа инвестор сатып алды

ERNUR.KZ. Риддердегі жылу электр орталығының меншік иесі ауысты. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Үкімет кулуарында журналистер облыс басшысынан кезекті апаттан кейін Риддер ЖЭО-ның тағдыры не болатынын сұрады.
"Бүгінгі таңда сату-сатып алу шарты аяқталды. Енді бізде жаңа меншік иесі. Біз қазір солармен жұмыс істеп жатырмыз. Мен жаңа инвестор тиімді жұмыс істейді деп үміттенемін", - деп жауап берді Ахметов.
Оның айтуынша, жаңа меншік иесі ЖЭО-ны күрделі жөндеуге кем дегенде 7 миллиард теңге инвестиция құяды.
"Оның 3 миллиард теңгесі күрделі жөндеуге бағытталады. Орталықта алты қазандық бар, әрбір қазандықты біз орташа есеппен 500 миллион теңгеге бағалап отырмыз. Қалған 2,5 миллиард теңгеге жуығы қазіргі берешекті өтеуге жұмсалады, 1 миллиард теңгесі жылумен қамтуды жөндеуге, ал 1 миллиард теңгеден астамы сумен қамтамасыз ету, бірқатар инфрақұрылымдық жоба салу бойынша ағымдағы міндеттерді іске асыруға көзделеді", - деп түсіндірді облыс әкімі.
Осы орайда журналистер Риддер ЖЭО-ны сатып алған жаңа инвестор кім екенін сұрады. Бірақ Ахметов мұны құпия қалдырды.
"Иә, жаңа инвестор келді, ол қазақ инвесторы", - деп қана нақтылады әкім.