Риддер жылу электр орталығындағы қазандықтар іске қосылды

0
509

5 қараша күні сағат 20.00-де аталған орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын.


Риддер жылу электр орталығындағы қазандықтар іске қосылды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында бірнеше қазандық іске қосылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддердегі төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі жедел штабты ШҚО әкімі Даниал Ахметов басқарып отыр.

Қазір жылу электр орталығындағы бірнеше қазандық іске қосылды.

«Кеше түске қарай 3 қазандық іске қосылып, жүйеде температура 57 градусқа дейін көтерілді. Ал сағат 21.00-де жоғары қысымды қазандық жағылды. Ендігі міндет - №4 қазандықты жөндеу. Ол үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізудеміз», - дейді Даниал Ахметов.

Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысының әкімі риддерліктерге шыдамдылық пен түсіністік танытқандары үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, жылу электр орталығында «Казцинк» ЖШС, «Өскемен жылу желілері» АҚ, «Өскемен ЖЭО», «Казвзрывпром», ШҚ АЭК-ден шақырылған мамандар жұмыс істеп жатыр. Орталық аумағы бірнеше учаскеге бөлінген және олардың әрқайсысы белгілі бір кәсіпорынның жауапкершілігінде.

Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де аталған орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды.

Төтенше жағдайға байланысты қаладағы мектеп оқушылары 11 қарашаға дейін қашықтан оқитын болды.

Облыс билігі Риддердегі жылу электр орталығының жұмысын 9 қарашаға дейін қалпына келетінін мәлім еткен.