Руслан Дәленов: Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 1 трлн теңге бөлінді

0
795

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы төленуде - министр.


Руслан Дәленов: Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 1 трлн теңге бөлінді

ERNUR.KZ. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау бойынша ауқымды шараларды белсенді түрде іске асырып жатқанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біріншіден, Төтенше жағдай кезеңінде экономиканы тұрақтандыру және халықты қолдау бойынша жедел шаралардың 2 пакеті қабылданды. Шаралар жұмыспен қамтамасыз етуге, халықтың табысын төмендетпеуге, тұрғын-үй құрылысына, бюджеттің салық кірістерін қалпына келтіруге және басқа да салаларға бағытталған. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы төленуде. Сонымен қатар еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» жаңа бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге бөлінді. Осы бағдарламаны іске асыру өңірлерде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл – апатты және үш ауысымды мектептер санын азайту, газдандыру, сапалы жергілікті жолдар салу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы шаруалар», - деді Руслан Дәленов ОКҚ-да өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Мысалы Жамбыл облысында газдандыру жобасын жүзеге асыру нәтижесінде Қордай ауданы ауылдарының 50 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді. Сол секілді Атырау облысы Құрманғазы ауданында халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистральдық су желесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осындай жобалар еліміздің әр өңірінде халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша өзекті міндеттерді шешпек.