Жаңа оқу жылына дейін 20 күн қалды.
ERNUR.KZ.ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев әкімдіктерден оқулықтарды уақытында жеткізуді сұрады, деп жазады ҚазАқпарат.
"Негізі, оқулықтарды жеткізу - әкімдіктердің жауапкершілігіне жататын мәселе. Жалпы, облыстар кітаптарды жеткізу бойынша көлік компанияларымен келісімшарттарды рәсімдеді. Бірнеше өңірлер, оның ішінде Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы, Түркістан облысының төрт ауданы осы күнге дейін бұл жұмысты бастаған жоқ. Жаңа оқу жылына дейін 20 күн қалды. Сондықтан аталған жерлерге оқулықтарды уақытында жеткізбеу қаупі бар. Жергілікті атқарушы органдардың барлығынан осы мәселеге назар аударуды сұраймын", - деді Е.Сағадиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, отырыс барысында министр жаңартылған мазмұндағы білім беру мәселесіне де тоқталды.
Оның айтуынша, жоспар бойынша биыл бірқатар сыныптар білімнің жаңартылған мазмұнына көшетін болады.
"Өткен жылдан бастап 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасы бойынша білім алуда. Осы 2018-ші оқу жылынан бастап қосымша 3-ші, 6-шы және 8-сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша білім ала бастайды. Оларға арналған оқулықтар дайын. Барлығы сараптамадан өтті, басылды. Оқулықтарды облыстарға жеткізу жұмысы басталып кетті", - деді Е.Сағадиев.