Салтанат Тұрсынбекова Қостанай қаласындағы №4 емхана ұжымымен кездесу өткізді

0
248

Емхананы аралау барысында үміткер тек медицина қызметкерлерімен ғана емес, науқастармен де тілдесті.


Салтанат Тұрсынбекова Қостанай қаласындағы №4 емхана ұжымымен кездесу өткізді

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қазақстанның өңірлерін аралап, халықпен кездесуін жалғастыруда. Бұл жолы ол Қостанай қаласындағы №4 емхана ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Емхананы аралау барысында үміткер тек медицина қызметкерлерімен ғана емес, науқастармен де тілдесті. Науқастардың бірі дәрі-дәрмек бағасының қымбат екеніне шағымданды. Ол 1 курс ем үшін тек инъекцияға 40 000 теңгеге жуық қаражат жұмсағанын айтты.
«Күн өткен сайын дәрі-дәрмек қымбаттап барады! Жақында маған инъекциялар тағайындалды: 10 рет бірден 3 уколдан алатын болдым. Бір ампуласы 1300 теңге тұрады. Менің еміме бірден 30-ы қажет болды, бұл - басқа препараттарды, шприцтерді және басқа да шығындарды есептемегенде шығатын сома», - дейді емханадағы пациенттердің бірі.
Тағы бір науқас ауруханаға қаралуға жазылудың өзі қиын екенін айтты.
«Мысалы, мен көзімді тексерткім келеді. Терапевтке жазылуым керек, одан офтальмологқа бару керек. Тікелей көз дәрігеріне барып қарала алмайсың, бәрін терапевт арқылы жасау керек. Ал терапевтке де, көз дәрігеріне де ұзын-сонар кезек бар. Кабинеттер арасында жүгіріп жүріп, шаршайсың», - дейді ол.
Дәрігерлер де емдеу мекемелеріндегі түйткілді мәселелерді жеткізді.
«Дәрігерлер, әсіресе, кәсіби мамандар тапшылығы бар. Жалақы өте аз. Біз пациенттердің жағымсыз қарым-қатынасын да үнемі басымыздан өткіземіз. Бізді басқа ауруханалар шақырады. Жеке клиникаларда жағдай әлдеқайда жақсы. Мемлекеттік емханалар мен ауруханалардағы әріптестеріміздің көбі тәжірибе жинап, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарын жатқа оқып, жекеменшік мекемелерге жұмысқа кетіп жатыр. Бұл - дәрігерлер арасында жиі болатын қалыпты жағдай», - деп бөлісті дәрігерлердің бірі.
Құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова мемлекет пен халық ынтымақтаса жұмыс істеу керектігін баса айтты. Үміткердің пайымынша, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне жақсылап еңбек жағдайын жасау керек, өйткені азаматтарымыздың өмірі осы мамандарымызға тікелей байланысты:
«Денсаулық сақтау жүйесінде, медицинаға қаржы бөлуде барлық жерде шешімін таппаған мәселелер көп. Бұл мәселелерді тез арада шешу қажет деп есептеймін. Өйткені, дәрігерлерге жақсы жұмыс жағдайлары жасалғанда, олар да науқастарға оң әсерін тигізеді. Мұның бәрі жүйенің қалай дұрыс құрылатынына байланысты», - дейді Салтанат Тұрсынбекова.
Еске сала кетейік, Қостанай облысы - кандидаттың сайлау алдындағы үгіт-насихат сапарларымен барған жетінші өңірі. Құқық қорғаушы бұған дейін елордада, Алматы, Шымкент қалаларында және Қарағанды, Ақмола, Түркістан облыстарында болған.