Сондай-ақ сыра қайнату өнімдеріне акциздер ставкаларын литріне 79 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр.
ERNUR.KZ. Еліміздің салық кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Мәжілістің жалпы отырысында талқыланды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Cалық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі және оған ілеспе салық салу мәселелері бойынша заң жобалары Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Заң жобаларының негізгі нормалары Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларын және Конституциялық Соттың шешімдерін жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған.
«Біріншіден, бүгінгі күні барлығымызды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірі халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін жеке тұлғалардың берешегі микроқаржылық ұйымдармен, коллекторлық агенттіктермен кешірілген кезде қалыптасатын кірістерді салық салудан босату көзделіп отыр. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың проблемалық микрокредиттері есептен шығарылуына байланысты микроқаржы ұйымдарының кірістерін салық салудан уақытша, яғни үш жылға босату қарастырылып отыр», – ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Такиев.
Екіншіден, негізгі заң жобасы аясында балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босату ұсынылып отыр.
Үшіншіден, еліміздің азаматтары мен заңды тұлғалары сотқа жүгінгенде айқындалған мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, конституциялық құқығын толық пайдалануын қамтамасыз ету үшін, осы төлемді кейінге қалдыру тетіктері ұсынылады.
«Төртіншіден, екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банк ноталары бойынша салық салынатын кірісін азайтуға мүмкіндік беретін құқығын алып тастау жоспарлануда. Бұндай қадам, оларды бос қаражаттары есебінен экономиканың нақты секторын, соның ішінде бизнесті кредиттеуге бағыттайды деген сеніммен жасалып отыр.
Бесіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатысушыларына салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін енгізу ұсынылады», - деді Такиев баяндамасында.
Одан бөлек, Евразиялық Экономикалық Одақ шеңберінде алкоголь және темекі өнімдеріне акциздердің ставкаларын кезең - кезеңімен арттыру жұмысы аясында сыра қайнату өнімдеріне акциздер ставкаларын литріне 79 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр.