"ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясының акциялары 100 процент көлемінде "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорына өтті.
ERNUR.KZ. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы "ҚазТрансГаздың" 100% акциясын "Самұрық-Қазына" қорына берді. Мәміле 9 қарашада жасалды, оның сомасы – 1 теңге, деп жазады sputnik.kz.
9 қарашада сондай-ақ ҚМГ мен Қор арасында 2021 жылдың 11 наурызында жасалған сенімгерлік басқару келісімшартының күші жойылды.
"2020 жылдың 3 маусымында Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен "Самұрық-Қазына" қорын басқару жөніндегі кеңестің тапсырмасын, сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 26 қаңтарында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысындағы газды барлау, өндіру және тасымалдау жөніндегі ұлттық операторды құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында "ҚазТрансГаз" ҰК" АҚ акциялары қорға берілді", - делінген хабарламада.
Мәміле жасалмас бұрын бірқатар заңды және қаржылық шарттар орындалғанын, соның ішінде ҚМГ кредиторларының және тиісті мемлекеттік органдардың келісімін алу қажет болғанын атап өткен жөн. Бірінші кезеңде 2020 жылдың қазан айында ҚМГ 750 миллион АҚШ доллары сомасына еурооблигацияларды қайта қаржыландырды, бұл ретте жаңа шарт бойынша ҚТГ-ның шығу мүмкіндігі көзделген болатын. Келесі кезең барысында 2021 жылдың маусымында ҚТГ-ның бөлініп шығуына ҚМГ еурооблигацияларының басқа ұстаушыларынан келісім алынды.
Сонымен қатар мәміленің жасалуы ҚМГ-ның кредит беруші банктерімен, соның ішінде жекелеген қарыздарды қаржыландыру арқылы келісілді. Атқарылған жұмыс кезеңдерінің бірі Қазақстан үкіметінің 2021 жылдың 8 қарашасындағы "Стратегиялық объектіні иеліктен шығару туралы" қаулысының қабылданғаны болды. Аталған қаулыға сәйкес "ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына ҚТГ-ның 100% акциясы пакетін қор пайдасына сатып алу-сату келісімшарт жасасу жолымен иеліктен шығару жөніндегі мәмілені жасауға рұқсат берілді.
Қазіргі уақытта ҚМГ-ның барлық кредиторы ҚТГ-ны қордың жеке еншілес компаниясы етіп шығаруға келісімін берді.
ҚТГ-ның бөлінуі нәтижесінде ҚМГ қарызы 1,1 миллиард АҚШ долларына (берілген кепілдіктерді есептегенде 1,6 млрд долларға) азаяды.
Еске сала кетейік, 2002 жылы ұлттық компания құрылғаннан бастап ҚТГ оның құрамында болды. ҚМГ осы уақыт ішінде ҚТГ капиталына ақша мен мүлік түрінде шамамен 143 миллиард теңге құйды. Бұл ретте ҚТГ активтері 125 миллиард теңгеден 2,5 триллион теңгеге 20 еседен көп өсті, капитал 61 миллиард теңгеден 1,6 триллион теңгеге артты, түсім жылына 85 миллиард теңгеден 900 миллиард теңгеге дейін көбейді.
ҚТГ құрылған сәттен бастап Қазақстанда 10 мың шақырымнан аса магистралды газ құбыры салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде ҚТГ 20 мың шақырымнан астам магистралды құбыр жолдарын және 56 мың шақырымнан аса газ тарату желілерін басқарып отыр.