Санақтың бірінші кезеңі бойынша түсініспеушіліктер туындап отыр

0
595

2021 жылдың ұлттық санағының негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді.


Санақтың бірінші кезеңі бойынша түсініспеушіліктер туындап отыр

ERNUR.KZ. 2021 жылғы Ұлттық санағының алдында, 1-30 маусым аралығында интервьюерлер (тіркеушілер) әрбір елді мекен бойынша тұрғын жайлар, тұрғын үйлер (тұрғын жай ғимараттары) және тұрғын үй ретінде пайдаланылатын тұрғын емес орындардың барлығын аралап, олардың тізімін және тұрақты тұратын тұрғындардың санын нақтылайтын болады, деп жазады zakon.kz.

Алайда тұрғындар арасында санақтың бірінші кезеңі бойынша түсініспеушіліктер туындап отыр. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросы тұрғындарды халық санағына белсенді қатысуға шақырады. Айта кетейік, Халық санағының 1-ші кезеңінің басты мақсаты – мекенжайлар мен онда тұратын азаматтардың санын нақтылау.

Бірінші кезеңде жасалатын тізімдер қалалық және ауылдық елді мекендердің аумақтарын нұсқаушылық және есеп учаскелеріне дұрыс бөлу және тұрғын санын екінші кезең санағына, яғни аудандастыру үшін санақ қызметкеріне жүктеме көлеміне сәйкес біркелкі бөлу үшін қажет. Сондай-ақ, бұл санақ кезінде тұрғындар есебін толықтай қамтуға мүмкіндік береді.

1-ші маусымнан бастап барлығы 5 405 интервьюер және 773 нұсқаушы-бақылаушы қажетті мәліметтерді жинауда.

Тұрғындардың назарына! Нысандарды аралау кезінде интервьюерлер өздерін таныстырып, тегін айтулары және санақ интервьюерінің куәлігін көрсетуі керек, келуінің мақсатын нақты және қысқаша түсіндіріп, сол үй-жайда тұрақты (әдетте) тұратындардың мекен-жайларын және санын сұрайды.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың ұлттық санағының негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді. Оған онлайн режимінде де, сондай-ақ, дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады.