Сапарбаев ел арасында тараған өзіне қатысты қауесетке жауап берді

0
734

​Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, адамдар осы мәселені Шығыс Қазақстан облысын басқарған кезден бері айтып келеді.


Сапарбаев ел арасында тараған өзіне қатысты қауесетке жауап берді

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жиектас шығаратын зауыты жоқ екенін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте облыс әкіміне осы мәселеге қатысты сұрақ қойылды. "Жамбыл облысына әкім болып келгелі жиектастар жаппай ауыстырыла бастады. Сіздің жиектас шығаратын зауытыңыз бар ма?", - деді тілшілер.

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, адамдар осы мәселені Шығыс Қазақстан облысынан бастап сұрап келеді.

"Маған бұл сұрақты, шамамен, 15 жылдай қойып келе жатқан сияқты. Шығыс Қазақстан облысында (Сапарбаев ШҚО-ның 2009-2014 жылдары басқарды - Sputnik) басталып, Жамбыл облысында жалғасып келеді. Мен Шығыс Қазақстанда жүргенде зауытымның жоқ екенін айтқанмын. Менде зауыт болғанда, бәлкім, әкім болып жұмыс істемейтін едім", - дейді Сапарбаев.

Осы орайда аймақ басшысы жол құрылысына да тоқталды. Оның айтуынша, жол жөндеу жұмыстары кезінде жиектастың бар-жоғы ескеріледі. Сосын жиектастың сапасына да баса назар аударылады. Осының негізінде оны ауыстыру немесе ауыстырмауға қатысты шешім қабылданады.

"Жол салғанда міндетте түрде жиектас қою қажет. Бірақ басқа жағдайлар да болып жатады. Мәселен, Тараз қаласында кейбір мердігерлер жақсы жиектасты ауыстырған. Сол үшін жазаланды. Себебі жақсы жиектасты қайта пайдалануға болады", - деп атап көрсетті Сапарбаев.

Әкім халықты айтқан сөзіне сенуге үндеді.

"Тағы айтамын, тексеріп алсаңыз да болады. Менде ешқандай зауыт жоқ. "Сапарбаевтың Алматыда зауыты бар", "Сапарбаев әдейі барлық жиектасты ауыстырып жатыр" деп жазады. Бүгінде нақты норма бар. Соған сәйкес, жиектастар ауыстырылады", - деді Сапарбаев.