Сарбаздардың суицид жасауына не себеп - шекара қызметі директорының жауабы

0
526

Бүгінде шекара қызметінде сарбаздардың арасында өз-өзіне қол салу жағдайлары жыл сайын тіркеліп жатады.


Сарбаздардың суицид жасауына не себеп - шекара қызметі директорының жауабы

ERNUR.KZ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов сарбаздардың өзі-өзіне қол салуына себеп болатын негізгі мәселені атады, деп жазады sputnik.kz.

Бүгінде шекара қызметінде сарбаздардың арасында өз-өзіне қол салу жағдайлары жыл сайын тіркеліп жатады.
"Өкінішке қарай, суицидтер бар. Статистика жағынан өсіп жатыр ма, жоқ па, оны айта алмаймын. Бірақ ондай фактілер бар. Негізгі себебі қандай? Лауазымды тұлғалардың жұмысында кемшіліктер бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Онымен қоса, қазір әскерге шақырылатын жастар басқаша. Әскери қызметке, сол жақтағы жүктемеге және тағы басқа шараларға моральдық-психологиялық тұрғыда дайын емес", - деді Алдажұманов сенатта өткен брифингте.
Оның айтуынша, әскерде полиграфологтар мен психологтар жұмыс істейді. Олар сарбаздарды қатаң түрде іріктейді.
"Бізде мықты жігіттер көп, олар қысы-жазы әскери қызметін атқарып жүреді. Мәселе мынада, балалардың бірқатар санаттары бар. Мысалы, спортпен айналыспайтын және басын ұялы телефоннан көтермейтін балалар болады. Олар ешкіммен араласпайды. Ал әскерге түскенде бәрі түбегейлі өзгереді, - дейді ол.
Айтуынша, ондай бала психологиялық соққы алады.
"Кілең жігіттердің ортасына түседі. Кейбіреулер бейімделу кезеңінен өте алмай жатады. Бірақ ешкімді шеттетпейміз, барлығына бірдей қараймыз ", - деп атап көрсетті шекара қызметінің директоры.