Оқиға салдарынан бір ұшқыш ауруханаға түскен.
ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жуырда SCAT ұшағының елорданың халықаралық әуежайына шұғыл қонуына қатысты түсініктеме берді, деп жазады Sputnik.
"Өкінішке қарай, SCAT ұшағымен жайсыз жағдай болды, жоғары эшелонда саңылау пайда болған. Бірақ экипаж кәсіби түрде әрекет етіп, әуежайға сәтті қонды", - деді министр үкімет кулуарында.
Қазір, оның айтуынша, тергеу жүріп жатыр. Нәтижесі кейінірек белгілі болады. Сондай-ақ, министр ұшқыштардың бірі төтенше жағдайдан кейін ауруханаға түскенін атап өтті.
"Екінші ұшқыштың жағдайы нашарлап, есінен танған. Қазір жағдайы жақсы", - деді Скляр.
Еске сала кетсек, 3 мамыр күні SCAT әуе компаниясының ұшағы елорданың әуежайына шұғыл түрде қонды. Әуе кемесі Минералды сулар – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшқан.
Ұшақ бортында экипаждың бес мүшесі мен 42 жолаушы болған. Лайнер апатты жағдайда қонғаннан кейін әуежай аумағына жедел жәрдем бригадасы, әуежайдың өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі жіберілді.