Семейде 5 жасар бала інілерін көмірқышқыл газынан уланудан аман алып қалды

0
480

Семейде үйде ата-анасыз қалған үш кішкентай бүлдіршін көмірқышқыл газына улана бастаған.


Семейде 5 жасар бала інілерін көмірқышқыл газынан уланудан аман алып қалды

ERNUR.KZ. Семейде 5 жасар баланың қайсарлығының арқасында екі інісі көмірқышқыл газынан уланудан аман қалды, деп жазады tengrinews.kz.

Семейде үйде ата-анасыз қалған үш кішкентай бүлдіршін көмірқышқыл газына улана бастаған. Үш баланың ересектеуі, яғни 5 жасар бала үйден газдың исі шыққанын байқап "112" пультіне хабарласып, болған жайтты айтып, көмек сұраған.

Баланың қоңырауынан кейін құтқару жасағы, "102" және "103" қызметкерлері оқиға орнына аттанған. Құтқарушылар жеткенге дйін ТЖД диспетчерлері баламен бейнебайланыс арқылы байланыста болып, психологиялық көмек көрсеткен.

"Өрттің болмағанына көз жеткізіп, біз балаларға психологиялық көмек көрсетіп, 5 жасар баладан бөлмені желдету үшін терезелерді ашуын сұрадық",- деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Келген құтқарушылар газ иісі шыққан құлыпталған үйден 5, 3, және 2 жасар үш баланы алып шығу үшін кіреберістегі есіктің құлпын бұзып, балаларды жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырған. Тексеруден кейін балалар ауруханаға жеткізіліп, оларға жеңіл дәрежелі көмірқышқыл газымен улану диагнозы қойылған. Қазір олардың жағдайы тұрақты.

"Зардап шеккендер облыстық аурухананың балалар бөліміне жеткізілді, дәрігерлерді тексергеннен кейін оларға жеңіл дәрежедегі көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды. Балалардың жағдайы тұрақты", - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Абай ауданы Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.