Оның банк есепшоттан 120 мың ақша аударылған.
ERNUR.KZ. Семей қаласының №2 соты бұрынғы төрт құқық қорғау қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарады, деп жазады tengrinews.kz
2020 жылдың қарашасында тұрғын үйлердің бірінің ауласынан 27 жастағы ер адамның мәйіті табылған болатын. Марқұмның денесінде көгерген және ұсақ жарақат іздері болған. Оның банк есепшоттан 120 мың ақша аударылған. Ақша Семей қаласының орталық полиция бөлімінің жүргізушісінің досына жіберілгені анықталған.
Марқұмның әйеліне ер адам есірткіні шамадан тыс пайдалану салдарынан қайтыс болғаны, қолында екпе іздері болғаны айтылған.
Бір жылға жуық уақыттан кейін Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті полицейлердің ақшаны тәркілеу фактісін растады, сондай-ақ ер адамның өліміне полицияның қатысы бар екеніне ешқандай негіз бен дәлел жоқтығын мәлімдеді.
Соттың баспасөз қызметі үш полицей (С., Р., Н.) қызмет бабын асыра пайдаланды және ұрлық жасады деп айыпталып, тағы біреуі (К.) сыбайлас болғанын хабарлады.
"Сот 2020 жылғы 11 қарашада тергеуші С., жедел уәкіл Р. және криминалист Н. жедел топтың құрамында бола отырып, оқиға орны мен мәйітті қарау кезінде жәбірленушінің ұялы телефонын алып, хаттамаға енгізбегенін анықтады. С., Р., Н. және К. өзіне берілген билік пен лауазымдық өкілеттігінен асып, алдын ала сөз байласып, жәбірленушінің қосымшасынан 120 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражатын ұрлады", - деді сот өкілдері.
Жәбірленуші мен оның өкілі үш сотталушыны қатаң жазалауды, ал көмекшіні бас бостандығынан айырмауды сұрады.
"Сотталушылар Н. мен Р. тағылған айыпты ішінара мойындады, ал К. мен С. кінәсін толық мойындады (...) Сотталушылар кінәсі сотталушы К., жәбірленуші К. және куәлар айғағымен, іс материалдарымен расталды", - делінген сотта.
Қылмыстық құқық бұзу жиынтығы бойынша сотталушы С., Н. және Р-ді сот мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына, арнаулы атақтардан айыра отырып, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сотталушы К мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына, арнаулы атақтарынан айырыла отырып, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.