Сенаттың жаңа депутаты Қазақстан халқына ант берді

0
626

Ол аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің құрамына сайланды.


Сенаттың жаңа депутаты Қазақстан халқына ант берді

ERNUR.KZ. Президенттің жарлығымен сенат депутаты болған Маңғыстау облысының экс-әкімі Серікбай Трұмов Қазақстан халқына ант берді, деп жазады Sputnik.kz.

Сенаттың жалпы отырысында жоғарғы палатаның жаңа депутаты Серікбай Трұмовтың ант беру рәсімі өтті.

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутат ретінде өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға ант етемін", - деді сенатор.

Сондай-ақ ол аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің құрамына сайланды.

Еске салсақ, 10 қыркүйекте Серікбай Трұмов мемлекет басшысының жарлығымен сенат депутаты болып тағайындалды.

Трұмов 2019 жылдан 2021 жылға дейін Маңғыстау облысының әкімі қызметін атқарды. Оның орнына энергетика министрі болған Нұрлан Ноғаев келді.


Жаңа депутат туралы не білеміз

Серікбай Трұмов 1964 жылы 3 маусымда Маңғыстау облысында дүниеге келген.

1992 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдады. 1983-1985 жылдары кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Жаңаөзен қаласының әкімі, Ақтау қаласының әкімі қызметтерін атқарды.

Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы болды.

2019 жылдың маусымынан бастап Маңғыстау облысының әкімі болып қызмет етті.