Алпыс жастағы қарияны есінен тандырып, шөп басып кеткен алаңның ортасына қарай сүйреген.
ERNUR.KZ. Алматыда тапа-тал түсте әйел адамдарды ұрып-соғып, тонап кететін жағдайлар полицейлерге үйреншікті болып кеткен сияқты. Теректі шағын ауданының тұрғындары бұндай істерді құзырлы орган жылы жаба салғанды ұнатады дейді. Ал, көбіне қылмыс жасалатын жерлерде не жол, не жарық жоқ. Яғни, Алматы ғана емес, кез-келген қаланың ойластырылмаған инфрақұрылымы - қылмыскер үшін таптырмас мүмкіндік, деп жазады Stan.kz.
Осыдан екі күн бұрын Теректі шағын ауданының тұрғыны Оралбике Оңғарбайқызын белгісіз біреу ұрып-соғып, тонап кеткен. Алпыс жастағы қарияны есінен тандырып, шөп басып кеткен алаңның ортасына қарай сүйреген. Сосын сөмкесіндегі 75 мың теңгесі мен құлағындағы алтын сырғасын алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленуші қылмыскердің ер адам екенін айтты.
"Сүйреп бара жатқан кезде: "Балам, жіберші, ауруханаға асығып бара жатыр едім" - дедім. Ол "сөйлеме, мен сені соямын" - деді. Сосын ары қарай сөйлеп кетті, қанша метр сүйреп кетті, ешнәрсе есімде жоқ менің. Тепкен кезінде, бәрібір ана адамның түрін көріп қалайын деп басымды көтердім, одан кейін ұрғандарын білмеймін.
5 жылдан бері Теректі тұрғындарының тыныштығы бұзылған. Ай-сайын осылай бір тұрғынды тонап кетеді екен. Тіпті кісі өлімі де болған. Барлық істер тіркелгенімен, полицейлер қылмыскерді табуға құлықсыз, дейді тұрғындар.
"Қолымдағы неке жүзігімді шешім бердім, телефонымды ұрып-ұрып алды. Ол кісіні іздеп, полицейлер, мына адамға ұқсай ма деп бір адам келген жоқ, хабарласқан жоқ", - деді жәбірленуші Дәрия Сүлейменова.
Алатау ауданына қарасты бұл шағын ауданда жаяу жүргінші жолы мүлдем жоқ. Тас жолдың бойымен жүруге жүрексінетін жұрт амалсыздан айналасы ашық шөп басып кеткен жермен жүруге мәжбүрміз дейді.
Бағдарлама тілшілерінің айтуынша, бұл жолдың бойы қоқысқа толы, ал бірнеше метр жүрген соң, тіпті шөптердің арасынан адам көрінбей қалады. Сондай-ақ, айналадығы кейбір үйлерді әкімдік осыдан 6 жыл бұрын жартылай сүріп тастаған. Қазір оны кім көрінген паналап жүрген сияқты, тұрғындар қалалық статусымыз болғанымен, ешқандай инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілмеген дейді.
Ал қалалық полиция департаменті жапа шеккен Оралбике Оңғарбайқызына қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты.
"Аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 191-ші бабы бойынша қылмыстық істі қозғап, жедел іздестіру шараларын қолға алды. Күдікті міндетті түрде анықталып, жауапқа тартылады", - деді Алматы қаланың ПД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының Алатау ауанының қашан толық қалалық мәртебеге сай реттелетінін білмейді.
Ал тәртіп сақшылары дәл осы Теректі шағын ауданы маңындағы жатақханалар мен "Құл базар" аталып кеткен жерді тәртіпке келтіре алмайды деген тұрғындар қылмыскерлердің алыстан келмейтініне сенімді.