“Шайтан-базардан қарбыз ұрладық”: Інісі Батырхан Шүкеновтің қандай бала болғанын айтты

0
1 760

Қарапайым жанұяда тәрбиеленген музыканттың Бауыржан есімді ағасы, Бақытжан есімді інісі, сондай-ақ, қарындасы бар.


“Шайтан-базардан қарбыз ұрладық”: Інісі Батырхан Шүкеновтің қандай бала болғанын айтты

ERNUR.KZ. Осыдан 4 жылға жуық уақыт бұрын Мәскеуде көз жұмған Батырхан Шүкеновтің балалық шағы жайлы інісі айтып берді. Бақытжан Шүкенов ағасының жастай музыкаға деген қызығушылығын байқамаған, деп жазады Stan.

Батырхан Шүкенов Қамал және Диляра Шүкеновтердің отбасындағы ортаншы бала. Қарапайым жанұяда тәрбиеленген музыканттың Бауыржан есімді ағасы, Бақытжан есімді інісі, сондай-ақ, қарындасы бар.

“Батыр Бауыржан екеуміздің ортамызда болатын. Пысық, бойы энергияға толы, кейде қатал, өзіне де, басқаларға да талапшыл еді. Егер біз футбол ойнасақ, міндетті түрде жақсы ойнауымыз керек еді. Жаман ойнайтын болсаң, одан да кет дейтін. Кітап оқығанды ұнататын, футболды жақсы ойнайтын. Арамызда коньки тебе алатын, велосипедке отыратын жалғыз сол еді”, – дейді марқұмның інісі Бақытжан Шүкенов.

Інісінің айтуынша, Батырханның балалық шағы өте қызықты өткен. Шайтан-базар деген жерден қарбыз да ұрладық, қолдан отатқыштар да жасадық, дейді марқұм музыканттың інісі. Ал өсе келе Батырханның көңілі музыкаға елеңдей бастаған. Алайда жақындары оны болашақта музыкант болады деп ойламаған.

“Мектепте үлкен ағамыз да, Батырхан да, мен де солист болған емеспіз. Дауыспен онша “дос” болған жоқпыз. Батыр ән айтқан кезде бәріміз таңырқап қалды. Анам: – Масқара, мынау әнші болып кетті ғой, – деген. Ал анасы Диляра Шүкенов ұлдарының ішінде дәл осы Батырханның өзіне ұқсағанын айтады.

“Балаларымның бәрі әкесіне тартқан. Батырхан ғана маған жақын. Адамдарға жақын. Ана екеуі сөйлеп тұрған жоқ. Батырхан маған ұқсаған, бірдеңе болса мен дереу адамдарды айналдырып аламын. Ол да сондай. – Мынау адам жаман ғой деп ешқашан айтпайды. Біз әйел адамдар біреу туралы әңгіме айтып жатсақ, естіп қалса: – Мама, ондай әңгіме айтуға болмайды. Ол жаман нәрсе. Қайтесіңдер оны? Оның да өз жұмысы ғой, – дейтін”, – дейді анасы.

Шүкеновтердің қара шаңырағы бүгінде Қызылордада тұр. Туған елге ие болып Диляра ханымның өзі отыр. Балаларының дені Алматыда орныққан. Диляра ханым Алатаудың баурайына да жиі келіп тұрады. Ортаншы ұлы осында жерленген.