Шахтерлерге арнайы әлеуметтік төлем төленеді – мәжіліс заңды қабылдады

0
910

Арнайы төлем келесі жылдан бастап 55 жастан төленеді.


Шахтерлерге арнайы әлеуметтік төлем төленеді – мәжіліс заңды қабылдады

ERNUR.KZ. Парламент мәжілісі "Кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қабылдап, сенатқа жолдады. Бұл құжатта зиянды еңбек жағдайында істейтін азаматтар үшін арнайы әлеуметтік төлем енгізу нормасы да қарастырылған, деп жазады sputnik.kz.

Бүгін мәжіліс еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты адамдарды әлеуметтік қорғауға бағытталған заңды қабылдады. Депутаттар Әлеуметтік кодекске арнайы әлеуметтік төлем енгізу туралы нормалар енгізді.
"Бұл төлем 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды жұмыстағы қызметін тоқтатқан азаматтарға беріледі", – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Айтуынша, зиянды жұмыста істейтін қызметкерлер міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын 55 жаста ала ма, әлде 63 жаста ала ма өзі шешеді.
"Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты азамат арнайы әлеуметтік төлем алып зиянды жұмыстан кетемін дей ме, әлде әрі қарай қызмет ете беремін дей ме өзі шешеді. Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі", – деді мәжілісмен.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов зиянды өндірісте істейтін азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 200 мың теңгені құрайтынын мәлімдеген еді.
Бұдан бөлек, заң жобасында азаматты қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиғалардан қорғау үшін міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы нормалар көзделген.
"Адам денсаулығына зияны бар өндірісті жүзеге асыратын компания сақтандыру компаниясына белгілі бір мөлшерде төлем жасайды. Сақтандыру компаниясы сол қаржының 6 пайызын жұмыс берушіге қайтаруға тиіс. Ол қаражат қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға жұмсалады. Сақтандыру ұйымдары еңбек жағдайында зардап шеккен қызметкердің шипажайдағы емін төлеуге тиіс. Ол 100 АЕК-тен аспайды", - деді депутат.
Сонымен қатар жазатайым оқиға салдарынан жарақат алған қызметкердің кінәсі сақтандыру төлемін төлейтін кезде қарастырылмайды.
Парламент мәжілісі екінші оқылымда заңды бірауыздан қабылдап, сенаттың қарауына жолдады.