Шенеуніктер Ақжайықта балықтардың қырылуына байланысты 2,5 жылға сотталды

0
1 078

"Атырау Су Арнасы" КММ Ақжайық өзеніне хлордың жоғары мөлшері бар суды ағызу арқылы балықтардың жаппай өлуіне себеп болған.


Шенеуніктер Ақжайықта балықтардың қырылуына байланысты 2,5 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Өткен жылдың желтоқсан айында Ақжайықта балықтардың жаппай қырылуына байланысты сот ісі Атырау қалалық № 2 сотында өтті. Үш сотталушы да бас бостандықтарынан айырылды, деп жазады azh.kz.

Сот ісі 5 шілдеден бері өтіп келеді. Сот алдына "Атырау Су Арнасы" мекемесінің бұрынғы директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары және су тазалайтын станцияның басшысы келген.

ҚР ІІМ Тергеу бригадасының нұсқасы бойынша, "Атырау Су Арнасы" КММ Ақжайық өзеніне хлордың жоғары мөлшері бар суды ағызу арқылы балықтардың жаппай өлуіне себеп болған.

Нәтижесінде Руслан Құрметов ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі ("Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық"), 328-бабының 3-бөлігі ("Суларды ластау, қоқыстау немесе сарқу, қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге не адам өлiмiне не адамдардың жаппай сырқаттануына әкеп соққан іс-әрекеттер") және 204-бабының 2-бөлігі ("Аса ірі залал келтірген бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру") бойынша кінәлі деп танылып, жиынтығында 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Виктор Кущенко мен Михаил Чурсин ҚР Қылмыстық кодексінің 328-бабы 3-бөлігі және 204-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Сот сондай-ақ "Атырау Су Арнасы" КММ-дан Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының пайдасына 13 миллион 924 мың теңге, Орал - Атырау бекіре зауытының пайдасына 429 миллион 438 мың теңге, "Луговой жылқы зауыты" ЖШС пайдасына 1 миллиард 500 миллион 859 мың теңге материалдық залал өндіріп алуға қаулы етті. Осы сот шешімін ерікті түрде орындау үшін қаулы шығарылған күннен бастап 6 ай мерзім белгіленді.

Сот үкімі жарияланғаннан кейін сотталушы сот залында қамауға алынды. Олардың мерзімін есептеу 25 желтоқсанда басталды.

Адвокаттар үкімге шағымданатындарын айтты.