Шетелден әкелінген көліктерді заңдастыруға 6 ай беріледі

0
590

Министрлік өкілінің айтуынша, Президенттің осы мәселені реттеу туралы тапсырмасын орындау үшін Салық кодексі мен Экологиялық кодекске түзетулер енгізілген.


Шетелден әкелінген көліктерді заңдастыруға 6 ай беріледі

ERNUR.KZ. Шетелден әкелінген, заңдастырылмаған көліктерді мемлекет ұсынып отырған жеңілдікті пайдаланып рәсімдеп алуға 6 ай уақыт берілмек. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Министрлік өкілінің айтуынша, Президенттің осы мәселені реттеу туралы тапсырмасын орындау үшін Салық кодексі мен Экологиялық кодекске түзетулер енгізілген. Атап айтсақ, Салық кодексіндегі түзету бойынша, заңдастыруға жататын көлікті бастапқы тіркеу үшін төленетін алым 200 мың теңге етіп белгіленбек. Ал, Экологиялық кодекстегі түзету бойынша кәдеге жарату төлемі (утильдік алым – ред.) алып тасталмақ.

«Ішкі істер министрлігі шетелден әкелінген көліктерді заңдастырудың тәртібін, мерзімі мен шарттарын айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын дайындады. Қажетті заңнамалық өзгерістер күшіне еніп, тиісті Үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін заңдастыру басталады. Заңдастыруды 6 ай ішінде жүргізу жоспарланып отыр», - деді Әкімшілік полиция комитетінің басшысы.

Бұған дейін Қайсар Сұлтанбаев мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланбай, шетелдік көлігін заңдастырмаған адамдардың екі-ақ жолы бар екенін айтқан болатын. Еске салсақ, шетелдік автомобильдерді заңдастыру тәртібін белгілейтін Үкімет қаулысының жобасы әзірленген еді.