Шетелден келген қандастарға азаматтық алу жеңілдетілмек

0
853

2019 жылы республикаға 9 993 отбасы келді.


Шетелден келген қандастарға азаматтық алу жеңілдетілмек

ERNUR.KZ. Қандастарымызға Қазақстанда тұруға және азаматтығын алуға бір өтініш беру құқығы ұсынылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты, деп жазады holanews.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің дерегінше, 1991 жылдан бері 1 миллион 57 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған.
2019 жылы республикаға 9 993 отбасы келді, 597 оралман отбасы қабылдау өңірлерінде қоныс аударды.
Азаматтық алу үшін құжаттарды тапсырып үлгермеген 8,2 мың этникалық қазақ өткен жылғы оралман мәртебесін ұзарту бойынша біржолғы акция аясында Қазақстан азаматтығын алды.
Сонымен қатар ол қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру, елге келген этникалық қазақтар мен мигранттар үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында көші-қон процестерін реттеу туралы заң жобасы әзірленгенін атап өтті. Құжат Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралып жатыр.
«Заң жобасы аясында оралмандарға Қазақстанда тұруға және азаматтығын алуға бір өтініш беру құқығын қарастыру ұсынылады. Оралмандарға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін оңтайландыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, шетелдік білікті қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен ауыстыру жөніндегі міндеттемелерді жұмыс берушілерге жүктеу ұсынылады. Рұқсат тек ішкі еңбек нарығында мамандар болмаған жағдайда ғана берілуі тиіс», – деді Біржан Нұрымбетов.