Шетелден келіп жұмыс істейтіндерге зейнетақы төленеді: Сенат жаңа заң қабылдады

0
565

Заң президенттің қол қоюына жіберіледі.


Шетелден келіп жұмыс істейтіндерге зейнетақы төленеді: Сенат жаңа заң қабылдады

ERNUR.KZ. Сенат "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жұмысшыларын зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады, деп жазады Stan.kz.

Тиісті заң жобасын сенат отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов таныстырды. Бұл ЕАЭО елдеріндегі еңбек мигранттарын Қазақстанның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарна аударуға және зейнеткерлік жасқа жеткенде төлемдерді алуға мүмкіндік береді.


"Бүгінгі келісімнің негізгі мақсаттары - зейнетақы жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер жұмысшыларының зейнетақы жарналарын тағайындау және әкету мәселелерін шешу. Қазіргі кезде мүше мемлекеттерде әртүрлі зейнетақы жүйелері бар. Мысалы, Беларусь Республикасында қаржыландырылатын жүйе жоқ. Қазақстанның, Ресейдің, Арменияның жинақтау жүйесі басқаша. Зейнетақы жүйесін қаржыландыру және зейнетақы қорларын бөлу тәсілдерінің айырмашылығы да бар. Сонымен қатар, олар құрылымдық жағынан зейнетке шығу жасы, мөлшері, еңбек өтілі, зейнетақы жарналарының қайнар көзі және басқа параметрлер бойынша ерекшеленеді. Зейнетақымен қамсыздандыру құқығы тек еңбек қызметімен айналысатын азаматтарға ғана беріледі", - деді Нұрымбетов.


Министрдің айтуынша, мүше мемлекеттердің жұмысшыларын зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімнің күшіне енуі еуразиялық интеграцияны дамытудың келесі кезеңі болады.


"Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен жұмыс мақсатында келген жұмысшылар үшін зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері шешілмеген. Әр мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз елінде зейнетақы төлейтін болады. Осылайша, Қазақстан мен Қырғызстанда азаматтардың осы санаты үшін зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналары төленбейді. Біздің тараптан, осы келісімді жүзеге асыру үшін уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болып табылады.Осы келісімді жүзеге асыру үшін мүше мемлекеттердің уәкілетті органы құрылады, сондай-ақ қатынастардың тәртібі бекітілді", - деді Нұрымбетов.


Келісімнің мақсаттары:

- ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін мемлекеттің азаматтарымен бірдей жағдайда және сол тәртіпте жұмысшылардың зейнетақы құқықтарын қалыптастыру, сақтау және жүзеге асыру;

- жұмысшылардың зейнетақыларын тағайындауға байланысты мәселелерді шешу;

- ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

Келісімге сәйкес, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет өзінің аумағында жұмыс өтілі кезеңдеріне сәйкес зейнетақы тағайындайды. Сондай-ақ халықаралық шарттардың нормаларын ескере отырып, өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес зейнетақы алу құқығын анықтайды және оның мөлшерін есептейді.

Заң президенттің қол қоюына жіберіледі.