ШҚО-да найзағай түсіп, 16 жастағы жеткіншек көз жұмды

0
1 363


ШҚО-да найзағай түсіп, 16 жастағы жеткіншек көз жұмды

ERNUR.KZ. Төтенше жағдай комитетінің мәліметінше өткен аптадағы демалыс күндері әртүрлі төтенше оқиғаның салдарынан 5 бала көз жұмып, 6 бала әртүрлі дене жарақатын алған, деп жазады ҚазАқпарат.

Комитеттің хабарлауынша 14 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қасқабұлақ ауылында атпен қой жайып жүрген 2004 жылы туған балаға найзағай түсіп, мерт болған. Ал Қызылорда облысының Шиелі ауданы Балаби ауылында үлкендердің қарауынсыз есік алдында электр сымымен ойнап жүрген бала тоққа түскен. 220В тоққа түскен 2017 жылғы бала ауруханада көз жұмды. Дәл сол күні Павлодар облысының Аққулы ауданы Аққулы ауылында бір жастағы бала 3 метрлік құдыққа түсіп кеткен. Құтқарушылар келгенше баланы көршілер құтқарып алып, ауруханаға жеткізген.

«13 маусымда сағат 22.38 уақытында Көкшетау қаласындағы 5 қабаттық үйдің екінші қабатындағы пәтерінен өрт шығып, үйдегі жиһаздар өртенді. Сағат 22.56 кезінде тілсіз жау ауыздықталды. Оқиға орнынан 2012, 2014 және 2016 жылғы үш бала ауруханаға жеткізіліп, оның біреуі сонда жан тапсырды. Дәл сол күні Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында бір жастағы бала подездің 8 қабатынан үшінші қабатындағы баспалдаққа құлап, ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.

13 маусымда Шымкенттегі Абай ауданындағы Самал-3 шағын ауданында бір жастағы бала суға тұншығып көз жұмса, Атырауда 2014 жылғы қыз бала 2 метрлік шұңқырға түсіп жан тапсырған. Қарағандыда сол күні екінші қабаттан 3 жастағы бала құлап кетіп, емханаға жеткізілген.

Осы жағдайларды тізе келе ҚР ІІМ ТЖК мамандары балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді.