ШҚО-да тағы да алтын тамыр қазушылар ұсталды

0
3 258

Аталмыш шөп құрып бара жатқан өсімдік ретінде «Қызыл кітапқа» енгізілген.


ШҚО-да тағы да алтын тамыр қазушылар ұсталды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында алтын тамыр қазу жиілеп кеткен. Ұсталған 14 адамның арасында 15 және 16 жастағы жасөспірімдер де бар, деп жазады ҚазАқпарат.

ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Зайсан ауданындағы кезекті рейд кезінде 14 адам қолға түскен.

«Охотозоопром» мекемесі мен полиция қызметкерлері 14 адамдық топтан 42 қап алтын тамыр тәркіледі. Аталмыш шөп құрып бара жатқан өсімдік ретінде «Қызыл кітапқа» енгізілген. Оқиға Зайсан ауданындағы Кеңсай ауылдық округіне қарасты Көктомар елді мекенінде тіркелді», - дейді департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Айгерім Нұрғазина.

Ұсталғандардың бесеуі Күршім ауданының, қалған тоғызы Зайсан ауданының тұрғындары болып шыққан. Ең үлкенінің жасы 53-те болса, ең жасы 15-тегі жасөспірім екені анықталып отыр.

«Мамандар сараптама тағайындады. Сараптама тәркіленген шөптің алтын тамыр екенін растауы қажет. Егер расталса, мемлекетке келген шығын есептелетін болады. Күдіктілерге қарсы Қылмыстық Кодекстің 339 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - дейді департамент өкілі.

Еске салсақ, бұған дейін аталмыш Көктомар елді мекенінде дәл осындай қылмыс үстінде Алматы облысының тұрғындары ұсталған болатын.