"Шөлдаладағы" сарбаз өлімі: адвокаттың мәлімдемесі расталған жоқ

0
719

​Бас әскери прокуратура "Шөлдала" шекара заставасында өзіне қол жұмсаған Бекбол Мираштың сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы дерек расталмағанын мәлімдеді.


ERNUR.KZ. Ведомствоның мәліметінше, қазір сарбаздың өлімі бойынша "Шөлдала" шекара заставасының келісімшарт бойынша әскери қызметшісі күдікті деп танылды. Ол билікті асыра пайдалану арқылы марқұмды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді деп айыпталып отыр, деп жазады sputnik.kz.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, күдікті Мирашты және онымен бірге әскерге шақырылған басқа да мерзімді әскери қызметкерлерді жүйелі түрде психологиялық тұрғыда қорлап, соққыға жыққан.
Қазіргі таңда ол қамауға алынды. Тергеу жалғасуда және ерекше бақылауға алынған.
"Тергеу барысында болған оқиғаның барлық нұсқасы, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық мүмкіндігі тексерілді. Алайда, бұл дерек расталмаған. Адвокаттың өтінішхаттары белгіленген мерзімде қаралды және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы тәртібімен қанағаттандырылды", - деп хабарлады Бас әскери прокуратура.
Осыған байланысты адвокат Сержан Пралиевтің қылмыстық істің мән-жайын жариялау жөніндегі әрекетінің заңдылығын уәкілетті орган, адвокаттардың тәртіптік комиссиясы қарайды, деп толықтырды ведомство.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылықты ескере отырып, сотқа дейінгі тергеу туралы өзге де ақпарат жария етілмейді.
Еске салсақ, былтыр тамыз айында Жамбыл облысының шекарасында әскери борышын өтеген 18 жастағы Бекбол Мираш ат қорадан өлі табылды. Осыдан кейін бөлім командирі қамауға алынып, оған қатысты "ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдалану" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Алайда күдіктінің адвокаты Сержан Пірәлиев тергеу шараларымен келіспей, марқұмның аяқкиімінде және аузында өзге адамдардың биоматериалы анықталғанын мәлімдеген болатын.
Оның айтуынша, қорғап жатқан күдіктінің ДНҚ-сы табылмаған. Ішкі істер министрлігі адвокатты этиканы бұзғаны үшін айыптады. Ал әскери прокуратура Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара заставасында болған сарбаздың суициді бойынша тергеуді қайта бастауға шешім қабылдаған еді.