Көршілердің айтуынша, аулада ойнап жүрген бүлдіршінді күдікті үйіне кіргізіп, ойына келгенін істеген.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Шу қаласында 3 жасар қызды зорлаған 25 жастағы тұрғынға қатысты екі томнан тұратын іс материалдары сотқа жетті, деп хабарлайды ktk.kz.
Бұл туралы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«2 қазанда Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының іс жүргізуінде Жамбыл облысы Шу ауданы Абай ауылының тумасы Әбдікерімов Дастан Жәнібекұлына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігімен (кәмілетке толмаған адамға зорлау зорлық-зомбылық жасау) қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық қудалау органдары сотталушыны қорғансыз күйдегі кәмелетке толмаған Э-ге қатысты дәрменсіз жағдайын пайдаланып зорлады деп айыптайды», - деп түсіндірді сот.
Айта кетейік, 18 маусымда Шу қаласында жантүршігерлік жағдай болған еді. Көршілердің айтуынша, аулада ойнап жүрген бүлдіршінді күдікті үйіне кіргізіп, ойына келгенін істеген. Оның жанұшыра шыққан дауысын естіген куәгерлер көмек шақырыпты. Сол сәтте бүлдіршіннің әкесі бір топ адаммен келіп, баспананың есігін бұзып, ішке енген. Алайда күдікті терезеден қарғып, қашып кеткен. Бірақ алысқа ұзамай-ақ қолға түскен оны тұрғындар полиция келгенше бағанаға байлап ұстаған.