Шығыс Қазақстанда екі қоймадан мемлекеттік резервтегі астық жоғалып кетті

0
1 253

Мемлекеттік резервтің 98%-ы қоймада жоқ болып шықты.


Шығыс Қазақстанда екі қоймадан мемлекеттік резервтегі астық жоғалып кетті

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстандағы екі жекеменшік астық қоймасында жүргізілген тексерудің соңы үлкен дауға ұласты. Мұнда "Азық-түлік корпорациясы" АҚ келісім-шарты бойынша облыстың мемлекеттік резервтегі астығы сақтаулы еді. Бірақ тексеру кезінде оның орнында құр шөп пен көң ғана қалғаны анықталған, деп жазады baq.kz.

Сот құжаттарындағы ақпаратқа сүйенсек, "Шығыс-Астық" қоймаларында тексеру жұмыстарын облыстық ауыл шаруашылық басқармасы мен "Азық-түлік корпорациясы" АҚ осы жылдың наурыз айында жүргізген екен. Тексерумен келген мамандар қоймадан үйілген астықтың муляжын ғана тауып алыпты: шөп, көң мен қарды үйіп, үстіне дән төгіп, жауып қойған. Есептеп келгенде, 17,3 мың тонна бидай, күнбағыс, қарақұмықтың орнында 200 тонна астық қана қалған. Мемлекеттік резервтің 98%-ы қоймада жоқ болып шықты.

Кәсіпорын өкілдерінің түсіндіруінше, астықтың қоймадан болмауы құжат түрінде дәлелденген деп есептелмейді екен. Себебі жоспардан тыс жүргізілген тексеру кезінде "Шығыс-Астық" ЖШС қоймасының директоры Серік Молдабеков болмаған. Осы жағдайды сылтау етіп, кәсіпорын бақылаушы органдарға шағым да түсіріпті.

"Шығыс-Астық" ЖШС адвокаттарының айтуынша, астық "Азық-түлік корпорациясы" АҚ келісімімен Барнаул қаласындағы "Зерноторг" ЖШҚ-на сандық және сапалық сипаттамасын жақсарту мақсатында ауыстыру үшін жіберілген.

Ал "Азық-түлік корпорациясының" өкілдері мұндай келісім бермегенін айтып отыр.

Сот мемлекетке 1,44 млрд теңге мөлшерінде залал келтірілді деген қорытындыға келді. Соттың шешімімен "Шығыс-Астық" кәсіпорны бұл соманы өтеп, 20% мөлшерінде (288 млн теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді.

Қоймалардың қожайыны сот шешімен келіспей, аппеляциялық шағым берді. Алайда ШҚ облыстық сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Тағы бір айта кететін жайт, "Азық-түлік корпорациясы" АҚ залалды өтеу үшін қойманың мүлкіне тыйым сала алмаған. Мемлекеттік резервтегі қорды сақтау үшін жалға алынған қоймалардың банкке кепілдік мүлік ретінде 500 млн теңгелік несие үшін қойылғаны анықталады. Ал ол «Астық туралы» заңға қарсы келеді. Бұл факті жеке талап арыз беруге себеп болды.

Қыркүйек айының соңында ШҚ облыстық сот алқасы кепілдік келісім-шарттарын заңсыз деп таныды. Енді "Шығыс-Астық" директорына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.