Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласынан шыққан автобуста вирус жұқтырған адаммен бірге болған 16 жолаушы іздестіріліп жатыр.
ERNUR.KZ. Шымкентке коронавирус жұқтырған науқаспен бірге келген қалааралық автобустың жолаушылары іздестірілуде. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.
"Автобус анықталып, 51 жолаушының 35-і табылды. Олар карантинге алынды. Ал қалған 16-сы іздеуде, жақын арада табылып, карантинге орналастырылады", – деді Абаев.
Коронавирус жұқтырған адам Шымкент қаласына Нұр-Сұлтаннан автобуспен келген. Онымен байланысқан барлық адам табылып, оқшауланды, деді Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы, бас дәрігері Әбдіманат Төлебаев.
Ал елордалық "Сапаржай" автовокзалында қалааралық автобустың жолаушылары туралы ешбір мәлімет жоқ.
Сәрсенбіде Шымкентте екінші адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
Бұған дейін Дәурен Абаев Қазақстанда 26 наурызда коронавирустан сауыққан екі науқас ауруханадан шығарылатынын айтқан болатын.
16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин жарияланып, қалааралық автобустардың жүруіне тыйым салынды.