Шымкентте спорттық нысандар көбейіп жатыр

0
77

Он бір салмақ дәрежесі бойынша өткен жарысқа барлығы 140-қа жуық спортшы қатысты.


Шымкентте спорттық нысандар көбейіп жатыр

Еліміздегі республикалық маңызы бар қалалардың бірі – миллионнан астам тұрғын мекен ететін Шымкент шаһары. Мұнда қай салада болмасын жұмыс қарқыны бәсеңдеген емес. Әсіресе спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар көп-ақ. Тіпті, соңғы бір айдың көлемінде көңілге үміт ұялататын жаңалықтар жарыққа шықты.


Айталық, бәріңіз білетіндей әр жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбі күнінде елімізде «спорт күні» мерекесі тойланады. Осы мереке шеңберінде шымкенттік спорт саласының өкілдері тағы бір рет қуанышқа бөленіп, сый-сыяпатқа кенелді. Олардың арасында қаланың ғана емес, Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген спортшылар, сол спортшылардың биік белестерді бағындыруына атсалысып жүрген жаттықтырушылар мен ардагер спортшылар болды. Тиісінше, мерейі үстем болған азаматтарды марапаттауға қала басшысының орынбасары Абайұлы Сәрсен, қалалық мәслихаттың төрағасы Баһадүр Нарымбетов, спорт басқармасының басшысы Мықтыбеков Маратбек сынды тұлғалар қатысты. Қатысып қана қоймай, спорт саласының бүгінгі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін, спорттық инфрақұрылым мен спортшыларға айрықша көңіл бөлінетінін айтып сала мамандарын бір серпілтіп қойды.


Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп жатқан Шымкент қаласында бірнеше күн бұрын отбасылық жарыс ұйымдастырылды. Сайцысқа қатысып, бірнеше спорт түрі бойынша күш сынасқан жиырма жанұя салауатты өмір салтын дәріптеуді мақсат тұтқан. Олар ұзындыққа секіру, отбасылық көпсайыс секілді бес кезеңнен өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Дәл осындай сайыс ҚР Конституция күні қарсаңында да ұйымдастырылып, шымкеттік дін өкілдері де өзара мықтыны анықтады. Сәйкесінше, Шымкенттегі жүзге тарта мешіттің қызметкерлері бес командаға бөлініп, бірінші қол күрес, ләңгі тебу, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен күш сынасса, кейіннен жасыл алаңға жиылып, аладоп додасын қыздырды. Жүзден жүрік атанған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар берілді.


Сонымен қатар, үшінші мегаполисте қалалық басқарманың ұйымдастыруымен 13-14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында қазақ күресінен ашық турнир өткізіліп, жас палуандар бозкілемде жекпе-жектер өткізді. Он бір салмақ дәрежесі бойынша өткен жарысқа барлығы 140-қа жуық спортшы қатысты.


Жалпы, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта шаһарда отыздан аса спорт мекемесі жұмыс істеп жатыр. Ол нысандарда спорттың жетпістен аса түрімен он сегіз мыңнан аса азамат шұғылданып келеді. Ал, жаттықтырушылар саны тоғыз жүзден асады. Осынау еселі еңбектің арқасында, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзіне шымкенттік спортшылар ел чемпионаттарында 500-ден аса алтын, 400-ден аса күміс және 500-ден аса қола медаль еншілеген. Сонымен қатар, Азия біріншіліктерінде елу бес және Әлем чемпионаттарында жиырма екі алтын жүлдені қоржынға салған.


Сондай-ақ, қала аумағындағы спорттық мекемелердің ахуалын жақсартып, спортпен шұғылданатындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында бірнеше нысанда құрылыс жұмыстары басталған. Мәселен, сәуір айында нөмірі 15-ші спорт ғимаратының жөндеу жұмыстары қолға алынса, алдағы қазан айында 12-ші спорт мектебі пайдалануға беріледі. Шымкенттік жеке кәсіпкерлер де спорт саласының дамуына үлес қосып жатыр. Атап айсақ, біршама уақыт бұрын «Еламан» тұрғын алабында бірнеше спорт түріне бейімделген үш бірдей залы мен бассейні бар «ЕЛАМАН» деп аталатын нысан ел игілігіне берілген. «SPORT LIFE» деп аталатын тағы бір футбол ғимараты да салынып жатыр екен. Тағы бір айта кетерлік жаңалық – алдағы уақытта «Тұран» ауданының аумағында мүгедектігі бар спортшылар үшін паралимпиадалық спорт ғимараты бой көтереді. Нысанның құрылысы 2025-2026 жылдары жүргізіледі деп жоспарланған. Түптеп келгенде осындай ауқымды жұмыстардың барлығы Шымкенттің ғана емес, еліміздің мерейін үстем етеді деп ойлаймыз.