СҚО-да өртенген үйден тұрғынды алып шыққан ер адам марапатталды

0
685

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 24 қараша күні сағат түнгі бірлер шамасында Петропавлдағы Жұмысшы кентінде болған.


СҚО-да өртенген үйден тұрғынды алып шыққан ер адам марапатталды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті өрттенген үйден адамды алып шығып, өмірін сақтап қалғаны үшін кәсіби боксшы Евгений Павловты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен наградтады, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 24 қараша күні сағат түнгі бірлер шамасында Петропавлдағы Жұмысшы кентінде болған. Евгений Павлов үйінде отырып, терезеден көрші Хорват, 51 мекенжайындағы үйден шыққан жалынды байқап қалады. Ол бірден көмекке ұмтылып, адамдардың назарын аудару үшін жолда тұрған «Газельдің» дабылқаққышын қосады.

«Көрші үйдің есігіне жүгірдім. Өртке оранған үйден мен құтқарған зардап шегушінің ұлы шығып келе жатыр екен. Ол жақта тағы біреу қалды ма деп сұрадым. Жігіт мүліктің барлығы толығымен жанып кеткенін айтып, бармай ақ қой деді. Спирттік ішімдік ішкені байқалып тұрды. Мен онда қарт адамның тұратынын білуші едім. Әкемнің досы. Құлағы дұрыс естімейді, көзі көрмейді. Сол себепті жігітті тыңдамай, жанған үйге кірдім», - дейді Евгений Павлов.

Жігіттің айтуынша, баспана жалынға оранып, көк түтінмен улы газ көзді ашырмаған. Ол жүресінен отырып, жерде жатқан көршісін көреді. Спортшы жігіт ер адамды көтеріп алып, далаға алып шығады.

«5 минуттан кейін өрт сөндірушілер де жетті. Ал мен көршімді үйге әкеліп, алғашқы медициналық көмекті көрсеттім. Сол сәттеадамды құтқарудан басқа ой болған жоқ», - дейді Евгений Павлов.

Өртте адамның өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, жанқиярлығы және азаматтық борышын адал орындағаны үшін Евгений Павлов лайықты марапатты алды. Оған Тәуелсіздік күні қарсаңында салтанатты түрде «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалі табыс етілді.