СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бас инспекторы Әсия Әбжанованың айтуынша, өңірде зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс 1,7 % азайған.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері азайған. Былтыр осындай 47 қылмыс жасалып, тиісті шара қолданылды, деп жазады Kazinform.
СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бас инспекторы Әсия Әбжанованың айтуынша, өңірде зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс 1,7 % азайған. 2022 жылы 53 дерек тіркелсе, былтыр 47 қылмыс анықталды. Соның 28-і – әйелдерге қатысты болған.
«Былтыр үйдегі ұрыс-керіс кезінде бес әйел қайтыс болды, 10 әйел ауыр жарақат алды. Тағы соншасына орташа деңгейде денсаулығына зиян келді.
Қылмыстық істер көбіне Петропавлда жасалады. Ол халық санына және ойын-сауық, көңіл көтеру орындарының көптігіне байланысты», - дейді Әсия Әбжанова.
2023 жылғы шілдеде ҚР Әкмшілік кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты отбасының шырқын алатындарды жазалау жеңілдеген. Бұрын жапа шегушінің арызы қажет болса, енді факті болған жағдайда полицейлер іске кірісіп, тиісті шара қолданады.
«Отбасылық жанжал кезінде әйелдің денсаулығына ауыр зиян келтірілсе, қол көтерген адам бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық күйеуі мен әйелі арасында ғана емес, туған-туыс, бауырлар арасында да болуы мүмкін. Статистикаға сүйенер болсақ, отбасылық жанжалдың шығуының басты себебі – жұмыссыздық, тұрмыстық жағдайдың төмендігі және әйелін қызғану», - дейді полиция қызметкері.