СҚО-да жоғалған баланы екі күннен соң ит тауып алды

0
596

Бала аман-есен бос тұрған үйден табылды.


СҚО-да жоғалған баланы екі күннен соң ит тауып алды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында 200-ге жуық адам із-түссіз жоғалған 10 жасар баланы екі тәулік бойы іздеді. Оны табуға қызметтік ит көмектесті, деп жазады ҚазАқпарат.

Баланың жоғалғаны туралы ақпарат 26 қаңтар күні белгілі болды. Іздеу шараларына полицейлерден бөлек, өрт сөндіру, ТЖ бөлімдері және аудан әкімдігінің қызметкерлері жұмылдырылды.

Облыстық полиция департаментінен екі іздеу тобы көмекке келді. Сонымен қатар, іздестіру жұмыстарына Жасқайрат, Қайрат, Қулыкөл ауылдарының және басқа да ауылдардың тұрғындары көмек көрсетті.

Біреулер жаяу, енді бірі автокөліктері мен жылқыларын мініп келіп, төңіректі қарады. 27 қаңтар күні бала аман-есен бос тұрған үйден табылды. Бұл үйдің иелері жол жүріп кеткен. Оны аудандық полиция бөлімінің кинолог-инспекторы Нұрлан Жауар Цефей есімді неміс овчаркасының көмегімен тапты.

«Бала медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір ол дәрігерлердің қарауында. Ювеналдық полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Баланың отбасымен жұмыс жүргізілетін болады. Полиция бөлімі басшылығының және жеке құрамның атынан іздеу жұмыстарына қатысқан ауданның барлық тұрғындарына алғысымды білдіремін», — дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Алижанов.