42 мың гектар жер аукционда шамамен 700 миллион теңгеге қойылған.
ERNUR.KZ. Айыртау ауданында серіктестік қарызын өтей алмай, аграрлық несие корпорациясы 40 мың гектардан астам жерді аукционға сатылымға қойған. Мәселені шешуді талап еткен 100-ге жақын адам наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
42 мың гектар жер жоғарыда аталған бес ауылдың тұрғындарына тиесілі. Наразы жұрт Саумалкөл ауылында, жергілікті әкімдіктің алдында жиналды. Айтуларынша, жерді кепілдікке қою туралы келісімге қол қоймаған. Дегенмен, жеріміз сатылғалы жатыр дейді. Егер жерден айырылсақ, малымыздан да айырыламыз деген тұрғындар әкімдіктің бір жақты етуін талап етеді.
«Бес ауылдың тағдырымен ойнап отыр ғой. Олай ете ме, не Володаровкадан, не Көкшетаудан бәрімізге бес ауылға үй салып берсін. Бәріміз көшейік. Мал ұстамасақ онда бізге керегі қанша? Осылай жасайтын болса, бәрімізге бір-бір үйден салып берсін. Не болмаса біздің жағдайымызбен санасып, мына халықтың мұқтажын орындап, жерді қайтарып алуға көмектессін», – деді Айыртау ауданының тұрғыны Түгел Төлегенов.
Әкімдіктің алдында жиналған жұрт кейін билік өкілдерімен кездесу үшін ғимарат ішіне кірді. Ауыл тұрғындары жердің сатылымға дейін жетуіне жергілікті билікті кінәлайды.
«Сіздердің қателіктеріңіздің кесірінен бес ауылдың тұрғыны қаңырап отыр былай айтқанда. Сіздердің жауапкершіліктеріңіздің жоқтығынан ғой осының бәрі. Соны шешіп, осы саудағ бақылау қойсаңыздар. Біз қолдау көрсетуге дайынбыз. Қандай қағаз толтыру керек, бәріне толтырамыз. Оны біз қадағалаймыз. Өз жағыңыздан міне мен аукционды тоқтатамын деп нақты айтыңыз, сосын осы келісім-шарттың заңсыз екенін растап, осы жерді зауыттан алып шығуға көмектесемін деп айтыңыз», - деді Айыртау ауданының тұрғыны Орынбай Атығаев.
Аудан прокуроры тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды. Айтуынша, жердің кепілге заңсыз қойылғанын дәлелдеу үшін ең алдымен арыз жазудан бастау керек.
«Сіздердің құқықтарыңыз бұзылмау үшін арыз керек. Біз оны әкілетті органға жібереміз. Олар тексеріс жүргізеді. Тексерістің қорытындысы бойынша қылмыстық құрам болса, іс қозғалады. Енді өздеріңіз айтып отырғандай, сенімхатқа қол қоймаған болсаңыздар», – деді Айыртау ауданының прокуроры Жандос Әмәров.
«Жарқын-СК» серіктестігінің қазіргі басшысы бұл мәселеге қатысым жоқ дейді. Айтуынша, аграрлық несие корпорациясымен келісім жасалған кезде компанияны басқа адам басқарған
«2017 жылы серіктестік несие алған. Менің түсінуімше, хаттама құрылған. Соған сәйкес, келісімшарт міндеттемесіне оның ішіне кепілге қойылған жер, техника кірген. Яғни осыдан кейін 2018 жылы «Жарқын-СК» мен аграрлық несие корпорациясы арасында медиация болған. Менің түсінуімше олар несие уақытылы төленбеген жағдайда жер сатылымға қойылады деп келіскен. Сол себепті осылай болып отыр», - деді «Жарқын-СК» ЖШС директоры Александр Пономарев.
Ал, аудан басшысы жердің сатылып жатқанын халықпен бірге естігенін айтады. Енді мәселені шешуге біраз уақыт керек дейді.
«Бүкіл мүмкіндікті жасаймыз. Потому что ол соттың шешімімен болған нәрсе. Енді оны тек қана соттың шешімімен шығаруға болады. Ол үшін біраз уақыт та керек. Бірақ құжаттар да жинау керек. Бірге жұмыс істейміз», – деді Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исманов.
Жерді бәссаудаға аграрлық несие корпорациясы қойған екен. Себебі «Жарқын-СК» серіктестігі оған 595 миллион теңге қарыз. 42 мың гектар жер аукционда шамамен 700 миллион теңгеге қойылған. Айта кету керек, бұл жер аудандағы 864 адамға тиесілі.