Солтүстік Қазақстан облысында 1 қарашадан бастап жарық пен жылу арзандай түсті.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында 1 қарашадан бастап жарық пен жылу арзандай түсті, деп жазады ҚазАқпарат.
Солтүстік Қазақстан облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Наталья Шаяхметованың айтуынша, Бас прокуратураның монополистер қызметін тексеруі тарифтердің төмендеуіне әсер еткен.
«Бас прокуратура облыстық прокуратура қызметкерлерімен бірге кәсіпорындарға тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде қызметтер тарифтерінің бағасы төмендеді», - деді Н.Шаяхметова.
Бұдан былай, 1 киловатт-сағат электр энергиясының құны жеке тұлғалар үшін 11,8 теңге болады. Бұған дейін өңір тұрғындары әр киловатқа 13 теңге 22 тиыннан, ал заңды тұлғалар 16,32 теңгеден төлеп келген. Енді 14,57 теңгеден болады. Ал қосылған құн салығы тарифтің құнына кірмейді.
Сату тарифіне қарай, тұтыну көлемі бойынша электр энергиясының сараланған тарифі де есептелді. Электр плиталарын қолданатын жеке тұлғалар тұтыну көлеміне байланысты әрбір киловатт-сағат үшін 9,55 теңгеден 17,7 теңгеге дейін, ал электр плиталарын қолданбайтындар үшін 10,5-17,7 теңге айналасында белгіленді.
Тұрғындар үшін жылу энергиясының тарифтері қосылған құн салығын қоспағанда, 1 гигакаллория үшін 3185,84 теңгеден 3150,37 теңгеге дейін төмендеді. Енді жылуды есептейтін прибор орнатпаған үйлер 1 гигакаллория жылу үшін 3823 теңгенің орнына 3780,44 теңге, ал есептеуіші бар үйлер 3034,30 теңге төлейді.