“Кореяда өмір сүру, адамдарының қандай екенін көру, не ойлайтыны әрдайым қызық болды”
ERNUR.KZ. Кеше ғана қазақ спортының аспанынан тағы бір жарық жұлдыз ағып түсті. Қабырғасы қайыспаған қазақ қалмаған шығар. Талай асуды бағындырған, мәнерлеп сырғанаудан Олимпияда ойындарының қола жүлдегері Денис Тен туған қаласы Алматыда бақилық болды. Медеудің айдынынан ақ сағынышқа айналып ұшты. Жарық жұлдыздың қазақ еліне деген сүйіспеншілігін риясыз жеткізген соңғы сұхбаттарының бірінен үзінді ұсынамыз, деп жазады altaynews.kz.
«Кореяда өмір сүру, адамдарының қандай екенін көру, не ойлайтыны әрдайым қызық болды. Менің ата-тегім кәріс болған соң «кәріс қазағысың ба, әлде қазақ кәрісісің бе?» деп сұрақ қояды. Өмірлік құндылықтарым мен көзқарастарымды салыстыра келе, кәріске қарағанда қазаққа көбірек ұқсайтынымды ұқтым. Басқа жерге кеткенде Отаның әрдайым сенімен бірге деген сөз бар. Мен мұны кішігірім нәрселерден-ақ байқай аламын. 10 жасымда Мәскеуге, 17 жасымда Америкаға кеттім. Сонда да жан-тәніммен өз елімде қала беретінімді сездім. Қазақстан деп жүрегі соғатын спортшылардың қатары артады деп үміттенемін...»