Сот-сараптама қызметінде енді "мемлекеттік емес сот-сараптама ұйымын" құруға мүмкіндік болады
ERNUR.KZ. Парламент мәжілісі сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Депутат Снежана Имашеваның айтуынша, заң жобасы аясында сот-сараптама қызметіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізіліп отыр. Мәселен жекеменшік сот сарапшылары өз ұйымын құра алады.
"Сот-сараптама қызметінде жаңа субъект – "мемлекеттік емес сот-сараптама ұйымын" құруға мүмкіндік болады. Ал бұл сот сараптамасы мемлекеттік аппаратының жүктемесін жеңілдетіп, сараптама жүргізу мерзімін айтарлықтай қысқартады", - деді Имашева мәжілістің жалпы отырысында.
Бұдан бөлек, сот сарапшыларын аттестаттау рәсімін сертификаттау жүйесіне ауыстыру жоспарланып отыр. Ал сертификат берудің нәтижесінде сот сарапшыларының кәсіби біліктілігін, соның ішінде халықаралық стандарттарға сәйкестігін неғұрлым тиімді бақылауға мүмкіндік болады. Сот-сараптамалық зерттеулердің сапасы да көтеріледі.
"Ал сот-сараптама қызметін стандарттау рәсімін енгізу сот сарапшысына зерттеу барысында валидациядан өткен ғылыми негізделген әдістемелермен қатар, ұлттық стандарттарды да қолдануға мүмкіндік береді. Стандарттарды қолдану сот сараптамаларын жүргізу кезінде бірыңғай ғылыми-әдістемелік тәсілді қалыптастыру және жүргізілетін сараптамалық зерттеулер қорытындыларының объективтігін, нәтижелілігін және жарамдылығын арттыру үшін негіз болады", - деп атап өтті Имашева.
Сондай-ақ, заң жобасында әділет министрлігі мен сот сарапшылары палатасының кейбір құзыреттері нақтыланып отыр. Осының арқасында сот-сараптама қызметтері нарығында бәсекелестікті қалыптастыру міндеті мен мемлекеттік бақылау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.