Бұл ретте, маска немесе респиратордың, резеңке қолғаптардың болуы міндетті.
ERNUR.KZ. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарға адвокаттармен (қорғаушылармен) кездесуге рұқсат етілді. Бұл туралы ҚР бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.
Құжатқа сәйкес, адвокатпен (қорғаушымен), сондай-ақ шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізу үшін тергеушімен және адвокатпен (қорғаушыға) көрісуге рұқсат берілді. Бұл ретте, маска немесе респиратордың, резеңке қолғаптардың болуы міндетті. Сондай-ақ тергеу әрекеттеріне қатысушылар арасында кемінде 2 метр қашықтық сақталуы тиіс. Сотталғандардың, күдіктілердің және айыпталушылардың қатысуымен жүргізілетін өзге іс-шараларға шектеу жойылған жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін сотталғандардың адвокаттармен (қорғаушылармен) кездесуі тоқтатылған болатын. Шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізу үшін тергеушімен және адвокатпен кездесуге ғана рұқсат берілетін.
Сонымен қатар, туыстармен ұзақмерзімді кездесулерге рұқсат берілді. Бұл жағдайда мерзімі 5 тәуліктен аспаған коронавирусқа ПТР-анықтама болуы шарт. Вакцинаның толық курсын алғандардан ПТР-анықтама талап етілмейді. Алайда, коронавирусқа қарсы егілгенін растайтын құжат ұсынылуы қажет.
Сондай-ақ жаңа қаулыға сәйкес, Қазақстанға Үдістаннан келген азаматтарды 14 күнге үйде оқшаулау керектігі айтылған.
ПТР-тестің 3 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар анықтама немесе COVID-19-ға қарсы вакцинаның толық курсын алғанын растайтын құжат ұсынылған жағдайда, босану кезінде серіктес болуға рұқсат берілді.